ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫ
Биыл Құрманғазы ауданында 11 нысан күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл - 7 орта мектеп және 2 балабақша, 1 мәдениет үйі және 1 оқу-өндірістік мектеп.
Аудан әкімінің орынбасары Жандос БЕКТЕМІРОВТЫҢ айтуынша, Ганюшкино селосындағы Ломоносов атындағы мектептің күрделі жөндеуіне жергілікті бюджеттен 78 млн теңге, Орлы ауылындағы мектепке 22 млн, Жыланды ауылындағы мектепке 76 млн, Котяевка ауылындағы мектепке 37 млн, Иманов ауылындағы мектепке 16,5 млн, Афанасьев ауылындағы мектепке 24 млн, Көптоғай ауылындағы мектепке 83 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ, Ганюшкинодағы «Мерей» балабақшасын жөндеуге 59 млн теңге, Балқұдық ауылындағы «Бүлдіршін» балабақшасын жөндеуге 8 млн теңге, Нұржау ауылындағы мәдениет үйін жөндеуге 14 млн және Ганюшкинодағы оқу-өндірістік мектепке 35 млн теңге қаралған.
Жөндеу жұмыстары маусымда басталады деп жоспарланып отыр.
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ
Жылыой ауданындағы жеке кәсіп иесі Нұрлан ОРАЗ «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, 3 млн теңге ұтып алды.
Бұл ақшаға Ресейден қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, пенопласт шығару цехын ашты. Қазір мұнда төрт адам жұмыс жасайды. Цехта бір тәулік ішінде 40 текше метр пенопласт шығарылады.
***
Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай ауылына 33 км, Шоқпартоғай ауылына 10,5 км кіреберіс жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Мердігер - «АтырауКөлік» ЖШС.
***
Биыл пайдаланылуға берілген 60 пәтерлік үш қабатты бес үйдің айналасын абаттандыру ісімен «ҚұлсарыГаз» ЖШС айналысуда.
ЖШС бүгінде төсемтас төсеу, есіктерге домофон қондыру ісін жүргізіп жатыр. Биыл бұл маңнан жаңа саябақ та бой көтеретін болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА