Махамбет ауданы Сарайшық ауылын-дағы «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай-қорының директоры Молдаш БЕРДІМҰРАТОВТЫ (суретте) атыраулықтар жақсы таниды. Құлаққа жағымды қоңыр да күмбір дауысымен Көне Сарайшық қаласының тарихын майын тамызып тұрып айтқанда, көне заманға түсіп кеткендей күй кешесің.
Жасы сексенге шықса да, ол қызметін тастаған жоқ. Сарайшық ауылынан мұражай ашуға мұрындық болған да өзі болатын.
- Ауылдық Советтің төрағасы болып жүргенімде ауыл мектебіне жиі баратынмын, - дейді Молдаш аға. - Мектептегі әрбір класта қазбадан табылған сынық құмыра, құман, көзе, басқа да ұсақ-түйек жәдігерлер тұрды. Сұрастыра келе оқушылардың бұларды Көне Сарайшық қаласының орнынан алып келіп жүргендерін білдім. Сол кезде мен тарих пәнінің мұғалімін шақырып алып, бұл жәдігерлерді әр жерге қоймай, бір жерге жинақтап, тарихи кабинет ашу керек екенін айттым. Бірақ ол кабинеттің онсыз да тапшы екенін айтты. Не болса да, алған бетімнен таймай, мектептің жанынан шағын бөлме салдыртып, тарихи бөлме ашу жөнінде нұсқау бердім. Сол жылдары белгілі археолог-ғалым Зейнолла САМАШЕВ Сарайшықта қазба жұмыстарын жүргізіп, барлық табылған көне заттарды сол кабинетке жинастыра бастадық. Сарайшыққа қызығушылық танытқандар оның иесіз жатқанын пайдаланып, ондағы алтындарды өз қалталарына басып алып кететін. Мұны тоқтатып, археологтардың қазбасынан кейін табылған барлық жәдігерлерді мұражайға тапсырдық. Бірде сол кездегі Атырау облысының әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ: «Мұражай ашу жөнінде жиі мәселе көтеріп жүрсің, енді соның құрылысы басталады, басында өзің бол», деді. Сөйтіп, 1999 жылы мешіт және Жеті хан жерленгендігін білдіретін құлпытастары бар 17 метрлік кесене тұрғызылды. Мен сол жылы мұражай-қордың директоры болдым.
- Мұражайға келген туристермен байланысты қандай қызықты оқиға есіңізде қалды?
- Бізге келуші туристердің жартысына жуығы - шетелдіктер. Әсіресе, Қытайдан, Америка, Англия, Татарстан, Ресейден көп келеді.
Бірде түстен кейін мұражай маңына тікұшақ қонды. Орыстар екен. Мен көне қаланың макетін түсіндіре жүріп Қызыл алаңның Сарайшық көшірмесі екенін айттым. «Қайдағыны айтпа» деген олар шуласа, дауласа кетті, мен өзіме мәлім мағлұматты алға тартып, бұл мәліметтер жазылған Саратов мұражайындағы папканың номерін айттым. Содан үшеуі қалып, қалғандары ұшып кетті. Екі сағаттай айналып, қайтып келді, қолдарында бір парақ қағаз. Бір уақытта үн-түнсіз шығып кетті. Сөйтсем, олар Саратов қаласына ұшып барып, көздерін жеткізіп қайтыпты.
- Көне Сарайшық пен бүгінгі Сарайшық ауылының өркениетіне тоқталсаңыз.
- Сарайшық туралы көп айтуға болады. Басқаны айтпағанда көне қалада 45 бөлмелік қонақ үй, ауыз су құбыры мен канализация желісі жасап тұрған. Одан бері бірнеше ғасыр өтсе де, ауылда канализация түгіл, ауыз суға қол жеткізе алмай отырғандар әлі бар ғой! Ауылішілік қиқа-жиқа жолдар мен ғимараттардың ескілігі қарныңды аштырады. Әр жақтан туристер келеді, мен солардан ұяламын.
- Сіз көп жылдан бері Жайық жағасын бекіту қажеттігін айтып келесіз...
- Иә, он жылдан бері өзен жағасын бекіту мәселесін көтеріп, дауласып келе жатырмын. Себебі, су тасыған сайын өзен жары құлап, көне қаладағы адам сүйектері суға шайылып кетіп жатыр. Оны өзен көтерілген кезде көзбен көресің. Жуырда арнайы комиссия келіп, өзен жағасын бекіту жұмыстарының сметалық құжаты жасалатынын айтты. Егер бұл жүзеге асса, ол жерден ашық аспан астындағы мұражай, туристік база ашуға болады. Соның жүзеге асуына сүбелі үлесімді қоссам деймін. Және Ер Тарғын мен Қамбарға ескерткіш салынса деген ұсынысым бар. Қазақты қазақ еткен Қасым ханға да неге ескерткіш тұрғызбасқа?
- Сіз зейнеткерлік жасқа 20 жыл бұрын шықтыңыз. Бірақ жұмысты жалғастырып келесіз. Сексенге келіп қызмет атқарып жүргендер саусақпен санарлық.
- Бұл жұмыссыз өзімді елестете алмаймын. Менің балаларым Қазақстанның түрлі қалаларында тұрады, бәрі де жоғары білім алған. Кемпірім екеумізді балалар өздеріне шақырады. Біздің барғымыз келмейді. Туған ауылыңа не жетеді?! Денсаулығым барда осы істерді атқарсам деген ниетім бар. Бос уақытымызда ауламызға бақша саламыз. Бір жағынан қимыл-қозғалыс үшін, екіншіден, таза ауада еңбек ету сондай ғанибет. Кезінде спортпен айналысып, Атыраудың волейбол құрама командасында ойнағанмын. Содан шығар, дене жаттығуын жасау әдетке айналған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор