Атырау, 5 мамыр 18:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +9
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Экс-полицейдің ісі: айыптаушының сөзі мен бейнематериалдар

4 349 просмотра

19 сәуірде Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Дмитрий КИМДІ өлтірді деп айыпталған экс-полицей Манарбек ӨТЕУОВТІҢ қылмыстық ісін қарау жалғасты.

Бұл күні сот бейнежазба материалдарымен жете танысты. Материалдар 2015 жылдың тамызы мен қыркүйегінде жүргізілген жауап алулар мен тінтулер барысында түсірілді. Бір қызығы, сол кезде Өтеуов Кимді өлтіруге қатысты бүкіл кінәні сыбайласы Асан ҚҰРБАНБАЕВҚА аударып тастаған (бейнежазбаны қараңыз). Естеріңізге салсақ, өткен сот отырысында облыстың арнайы прокуроры Алмат БАХРИДЕНОВ Өтеуов өз кінәсін 2016 жылдың қаңтарында мойындағанын хабарлаған еді («Экс-полицейдің ісі: қылмыскер 26 жарақат салған»).

Прокурор Рамазан КАМЕЛДІҢ айыптау сөзінен:

– Манарбек Өтеуов, 1993 жылы туылған, полиция лейтенанты, жоғары білімді, үйленген, бұрын сотталмаған. Атырау қалалық ІІБ бастығының 2015 жылғы 26 ақпандағы бұйрығы бойынша криминалды полицияның жедел уәкілі лауазымын атқарды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі лауазымды тұлға бола отырып, ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды.

2015 жылдың шілдесінде Өтеуов өкілеттігін асыра пайдаланып, өз танысы М.ҒАББАСОВҚА ІІМ қызметкерінің жалған куәлігін жасатқан. Ол Ғаббасовпен бірге фотосалонға келіп, ол жерде фотограф фотошоптың көмегімен полицей формасын киген М.Ғаббасовтың фотосуретін жасайды. Содан кейін Өтеуов ІІБ-ге кіріп, анықталмаған тұлғалардан ҚР ІІМ қызметкерінің бос қызметтік куәлігін алған. "Дина" базарында Өтеуов белгісіз адамдармен келісіп, олар М.Ғаббасовқа ІІБ кіші жедел уәкілінің куәлігін жасап береді.

2015 жылдың 19 шілдесінде Өтеуов қылмыстарды ашу көрсеткішін жақсарту мақсатында өзінің басқа танысына, 1989 жылғы Өзбекстан азаматы Асан Құрбанбаевқа көшелерде жалғыз жүрген әйелдерді тонаумен айналысуды ұсынады. Құрбанбаев келіспейді. Оның төлқұжатын жоғалтып алғанын білетін Өтеуов оның қылмысқа қатыстылығы туралы қылмыстық іс ресімдейтінін айтып қорқытады. Сөйтіп Өтеуов топ ұйымдастырып, оған ауыр қылмыс жасау мақсатында басшылық еткен.

2015 жылдың 20 шілдесінде сағат 23.30-да Өтеуов өзінің "Лексус" көлігіне жалған Е092 МZМ мемлекеттік нөмірін қондырып, өзімен бірге Құрбанбаевты ала кеткен. Махамбет көшесі, 123-үйдің маңында Құрбанбаев Мәншүк МЫРЗАҒАЛИЕВАНЫҢ иығындағы ішінде 60 мың теңгесі бар сөмкесін жұлып алып қашады. Құрбанбаев Әлипов көшесіне дейін жүгіріп барады. Ол жерде оны Өтеуов көлігімен күтіп тұрады. Сыбайласын Атырау ықшамауданына апарып, ал өзі сөмкені алып ІІБ-не барып, кіші жедел уәкіл А.БАЯНОВҚА оны сейфке салып, хаттама жасауды тапсырады. Бұл қылмыс ресми түрде 21 шілдеде тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыстың ашылу статистикасын жақсарту мақсатында қылмыстық әрекетін жалғастыра отырып, келесі күні сағат 17.30-да Өтеуов қайтадан өз көлігіне жалған Е092 МZМ мемлекеттік нөмірін орнатып, Құрбанбаевты Датов көшесінде қалдырып, оған жалғыз жүрген әйелдерді табуға тапсырма береді. "Анвар" супермаркетінің жанынан Құрбанбаев сол жақ қолына ішінде 16 мың теңгесі бар сөмкесін ұстаған Ұлмекен АМАНЖОЛОВАНЫ байқайды. Тонаушы сөмкені жұлып алуға тырысқан кезде әйел құлап түсіп, қатты айқайлай бастайды. Сол кезде Құрбанбаевты белгісіз екі ер адам қуып жетіп, оны қылмыс орнына әкеледі.

Өтеуов оқиғаны көлігінен бақылап отырған. Ол жиналғандарға жақындап келіп, қызметтік куәлігін көрсетіп, зардап шегуші мен Құрбанбаевты ІІБ-ге алып келеді. Жолда Өтеуов Аманжолованы тонаушының оның сөмкесін жұлып алып, қашқаны туралы арыз жазуға көндіреді, ал оны екі ер адамның қуып жетіп, ұстап алғаны туралы ешкімге айтпауды өтінеді.

Арыз тіркеліп, қылмыстық іс қозғалады.

2015 жылдың шілде-тамызында Өтеуов жеке кәсіпкер Ж. ЖҰПАРОВАНЫҢ жабдықтаушы-жүргізушісі, күн сайын "Дина" базарына тауарлар апарып, саудагерлерден ақша жинап алатын Өзбекстан азаматы Дмитрий Ким туралы естіп біледі.

Кимнің ағасы Михаил КАННЫҢ отбасында бірге тұратындығы, Кан жұбайы Ж.Жұпаровамен демалуға кеткендігі туралы мәлімет жинаған Өтеуовте Кимді өлтіріп, пәтердегі мүліктерді иелену туралы мақсат пайда болады.

2015 жылдың 5 тамызында сағат 9-да Өтеуов өзінің "Лексус" көлігіне жалған А740УЕ|99rus нөмірін қондырып, Құрбанбаевпен бірге Геолог поселкесіндегі өз ата-анасына барады. Ол жерде көлікжайдан күрек, екі асүй пышағын алып, көлік салонына салады.

Сағат 11-де Өтеуов "Дина" базарының аумағына кіреді. Кимнің күн сайынғы жүретін жолын білетін Өтеуов көлігін "Технодом" дүкенінің жанына тоқтатады. Сағат 12.00 мен 13.00 аралығында ол өз жағына қарай келе жатқан Кимді байқайды.

Өтеуов Дмитрийді тоқтатып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, көлігінің артқы орындығына отыруды ұсынады. Содан кейін Өтеуов жүргізуші орындығына отырып, Кимнен өз төлқұжатын көрсетуін талап етеді. Ким құжаттарын жоғалтып алғанын, ІІБ-не тиісті арыз жазғанын айтады. Өтеуов өкілеттігін асыра пайдаланып, оған барсеткасын беруді сұрайды. Ішінен 245 мың теңгені көріп, оны алып қояды.

Өтеуов ұрлау және қылмыс іздерін жасыру мақсатында Кимге жеке басын анықтау үшін полицияға бару керектігін айтады. Биғалиев көшесінің бойында ол "Ақжол" дүкенінің жанында көлігін тоқтатып, Кимнің қолына қолкісен салады. "Ақжолдан" кейін қылмыс ізін жасыру үшін қажет болатын 5 литрлік су сатып алады.

Құрбанбаев осы уақыт бойына Өтеуовтің көлігінде болған. Бірге Махамбет ауданының Алға ауылының маңына барады. Атырау-Индер трассасының 32-ші шақырымында бұрылып, далалықпен тағы бес шақырымдай жүреді де, Өтеуов көлігін тоқтатады. Ол Кимге қылмыскер екенін, қазір оны өлтіретінін мойындайды.

Сағат 15.40-та Өтеуов қоңыр сабы бар асүй пышағын шығарып, Кимге бұрылып, оның алқымына пышақ салып алады. Көлігінен шығып, жолаушы шығатын есікті ашқан Өтеуов құрбандығын пышақтауды жалғастыра береді. Пышақ жүзі майысып қалған кезде ол екінші пышақты алып, құрбандығының кеудесі мен қарнын пышақтай бастайды. Алынған жарақаттан зардап шегуші Ким сол жерде көз жұмады. Өтеуов мүрдені шала-шарпы көміп, қылмыс орнынан кетіп қалады. Сол түні Кимнің барсеткасындағы кілтті иеленген Өтеуов Құрбанбаевпен бірге М.Канның пәтеріне кіреді. Ол жерде олар ішінде 700 мыңдай теңге мен құны 1 млн 45 мың теңге тұратын зергерлік әшекейлер салынған сейфті ұрлайды.

2015 жылдың 27 қарашасында қазір Өтеуов қамауда жатқан тергеу изоляторының қызметкерлер тобы камераларға тексеру жүргізеді. Өтеуов пен оның камераласы дәлізге шығарылады. Тінту кезінде Өтеуов тергеу изоляторының қызметкерін итеріп жіберіп, балағаттайды. Оны бірінші қабатқа апарады. Сол кезде Өтеуов қарауылдардың біріне шабуылдап, оны ішінен теуіп, басына жұдырықпен соғады.

Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, М.Өтеуовке ҚР ҚК-нің 385-бабының 2-тармағында («Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу»), 361-баптың 2-тармағында («Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану»), 28-баптың 3-тармағында («Қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру»), 191-баптың 2-тармағының 1,2,3 –тармақшаларында («Тонау»), 125-баптың 2-тармағының 8-тармақшасында («Адам ұрлау»), 99-баптың 2-тармағының 3,5,8,10-тармақшаларында («Адам өлтіру»), 188-баптың 3-тармағында («Ұрлық»), 380-баптың 1-тармағында («Билік өкiлiне қатысты күш қолдану») көрсетілген қылмыстарды жасады деп айып тағылды.

А.Құрбанбаевқа 188-баптың 3-тармағы («Ұрлық») бойынша айып тағылды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Бейнежазбаны түсірген автор
20 сәуір 2016, 14:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.