Жылыой ауданының Прорва деген жерінде итбалықтардың қырылу фактісі анықталды. Бұл туралы журналистерге облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ 15 сәуірде "Бекіре-2016" операциясын өткізу жөніндегі штаб отырысы барысында хабарлады.
- Осы жерде теңіз арнасын салып жатқан "Теңізсервис" ЖШС қызметкерлері (40 шақты) өлі итбалықтарды тапты. Бұл туралы хабарлама кеше кешкісін алынды. Бүгінде біздің инспекция, экология департаменті, ветеринарлық инспекция мамандарынан құралған жедел топ құрылып, олар сол жерге аттанып кетті. Ол жерде судан сынама алынады, ал өлі итбалықтарды зерттеу үшін алып кетеді, - деп хабарлады Ермекқалиев.
Олардың қайда зерттелетіндігі әзірге белгісіз. Естеріңізге салсақ, Құрманғазы ауданының Қиғаш өзенінің сағасында бір жыл бұрын ҚР Қызыл кітабына енген бұйра бірқазандардың жаппай қырылуы тіркелген болатын. Сол кезде су мен ауадан алынған сынаманы зерттеу нәтижесі қандай да болмасын ауытқулар көрсетпеді. Облыстық ветеринарлық зертхана құстардың жаппай қырылу себебін анықтай алмады. Өйткені өлі құстардың денелері ыдырай бастаған еді. Сәл кейінірек, "Ақ Жайық" резерватының бақылауындағы Шалыга аралының акваториясынан өлі шағалалар мен суқұзғын табылды. Материал зерттеу үшін Италияға жіберілді. Ол жерде суқұзғынның Н5N1 құс тұмауы вирусының әсерінен өлгені анықталды. Ал шағалалардан вирус табылмады.
Тамара СУХОМЛИНОВА