Естеріңізге салсақ, Көкшетауда өткен алғашқы екі матчтан соң жалпы есеп 1:1 болған еді. Келесі екі матч 8-9 сәуірде Атырауда өтті.
Үшінші ойында овертаймда 3:2 есебімен "Бейбарыс" командасы жеңіске жетті (голдар Элизер ЩЕРБАТОВ, Денис МАКАРОВ және Максим ШАРИФЬЯНОВТЫҢ еншісінде). 9 сәуірде "Арлан" "Бейбарыс" қақпасына жауапсыз үш шайба салып, серияда есепті теңестірді - 2:2.
9 сәуірде матчтан кейін өткізілген баспасөз конференциясында командалардың бас бапкерлері былай деген еді.
«Арлан» командасының бас бапкері Виктор БОГАТЫРЁВ:
- Тартысты екі жақсы ойын болды. Серияны үйімізге қайтарамыз, енді есеп теңесті. Тең қарсыластар ойнады. Кеше "Бейбарыс" жеңсе, бүгін - біз. Кеше, өкінішке орай, біз негізгі уақытта жақсы сәттерді пайдалана алмадық. Овертаймға дейін жетіп, ал сол жерде біздің ойыншылар сәтсіз ойын көрсетіп, қарсыласымыз шешуші голды соқты. 13 сәуірде өзімізде өтетін бірінші ойынға мұқият дайындалатын боламыз.
«Бейбарыс» командасының бас бапкері Александр ИСТОМИН:
- Біз кеше ойынды алып шығып едік. Бүгін жақсы ойнадық, кінәлі ешкім жоқ, бірақ гол соқпай, ұту қиын. Эмоция жетіспеді. Сериядағы есеп нөлге түсті, Көкшетауға барамыз, жанкүйерлерге көп рахмет.
- Сіздерде бүгін нақты не жетіспеді?
- Гол соға алмадық..
- Команданы жеңіске қалай жетелемексіз?
- Қазір ойынды талқылап, тұжырым жасаймыз. Не айтуға болады, екі тең команда ойнады. Біреуі жеңуге тиіс қой...
- Алған әсеріңіз қандай? Бәлкім, сіз "күміс" жеткілікті деп ойлайтын шығарсыз?
- "Күміс" жеткілікті деген не сөз? Ендігі ойымыз тек "алтын" алу ғана. Басқа қырынан алсақ, өткен жылдың тамызында бізде команда әлі болмаған еді. Ол жаңадан құралып, енді бүгінде финалда ойнап жүр. Осының өзі жетістік деп есептеймін. Соңғы күшіміз қалғанша күресетіндігіміз сөзсіз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА