АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік мұнай бағасы төмендеуде, өйткені инвесторлар «қара алтынның» өндіру деңгейін шекті деңгейде ұстап тұру жөніндегі кездесуде келісімге қол жеткізуге қатысты күмән келтіреді, оған сауда-саттық мәліметтері дәлел, деп хабарлады РИА Новости.
Солтүстіктеңіздік Brent маркалы мұнай қоспасының маусым айындағы фьючерстері 2,21 пайызға төмендеп, баррелі 38,96 доллар болды, WTI маркалы мұнайдың мамыр айына фьючерстері 2,46 пайызға арзандап, баррелі 36,82 долларды құрады.
Бұдан бұрын ОПЕК-тегі Кувейттің ресми өкілі Наваль әл-Фузайа 17 сәуірде Дохада өтетін кездесулер қорытындылары бойынша мұнай өндіруші елдер мұнай өндіру көлемін ақпандағы деңгейде ұстап тұруға қол жеткізеді деп мәлім еткен болатын. Мұнай өндірушілер бұл туралы келісімге келіссөздерге Иранның қатысуынсыз-ақ қол жеткізуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар ол мұнай өндіруді ұстап тұру оның бағасының өсуіне әкеп соқтырады деп атап өтті. Мұнай бағасы жыл соңына қарай баррелі 45-60 долларға жетеді, деп санайды ол.
«ОПЕК-тегі Кувейт ресми өкілі келісім Иранның қатысуынсыз болуы мүмкін дегенмен, Иранның, Ирактың және Ливияның келісімге қатыспауы физикалық балансқа шектеулі түрде ғана ықпал етеді. Өйткені мұнайдың қосымша көзін негізінен осы үш өндірушілер өндіреді. Сондықтан да күмәнді мәселелер сол күйінде қалып отыр», - деп MarketWatch агенттігі Credit Suisse талдамашыларының сөзін келтіреді.
Дереккөз: inform.kz