фото: nahnews.orgАвстрия астанасы Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Минск тобының арнайы отырысы өтті.
Онда Таулы Қарабақтағы жағдайды реттеу мәселесі талқыланған. Алқалы жиынға Минск тобының тең төрағалары Ресей, Франция және АҚШ-пен қатар өзге елдердің өкілдері де қатысты. Дипломаттар аймақта әскери іс-қимылдарды тоқтатып, ахуалды бейбіт жолмен шешуге шақырды. Ал басқосуға дейін қос тараптың қорғаныс министрлері оқ атуды тоқтататынын жария еткен еді.
Жалпы 1992 жылы құрылған уақытынан бастап Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск тобы Таулы Қарабақтағы ахуалды бейбіт жолмен шешуге арналған тұрақты алаң ретінде қызмет етіп келеді. Алдағы күндері оның тең төрағалары әскери іс-қимылдардан зардап шеккен аудандарға барып, Әзірбайжан және Арменияның саяси басшылығымен тікелей кеңес өткізбек.
Айта кеткен жөн, БҰҰ-ның мәлімдеуінше, Таулы Қарабақта 2 сәуірге қараған түні басталған қарулы қақтығыстардан 33 адам ажал құшып, тағы 200-ден астамы жараланған.
Даниэль Баер, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі:
- Біз тараптарды зорлық-зомбылыққа жол бермей, оқ атуды тоқтату тәртібін бұзбауға шықырып отырмыз. Біз ондаған адамның қазасына әкеп соқтырған заңбұзушылықтарды қатаң сынға аламыз. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Минск тобының қолдауымен келіссөздер бастауы қажет. Бұл мәселені әскери жолмен шешуге болмайды.Дереккөз: 24.kz