Фото: ReutersВенада бүгін Таулы Қарабақтағы жағдайдың ушығуына байланысты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Минск тобы (Ресей, Франция және АҚШ) төрағаларының жиыны өтеді, - деп хабарлады azattyq.org
4 сәуірде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Таулы Қарабақ мәселесін телефон арқылы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен талқылаған. Тараптар аймақта қақтығыстың қайта жалғасқанына "кәдімгідей алаңдаушылық" білдірген. Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Лавров пен Керри әскери қимылдарды тез арада тоқтату қажетін айтқан.
Кеше өзін өзі жариялап алған Таулы Қарабақ республикасының (ТҚР) баспасөз хатшысы Артак Бегларян әзербайжандық ұшқышсыз басқарылатын аппараттан армян еріктілерін әкетіп бара жатқан автобусқа соққы жасалғанын хабарлаған. Шабуылдан жеті адам құрбан болған.
Армения қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Таулы Қарабақтағы майдан шебінде ұрыс жалғасып жатыр. Министрлік Әзербайжан жағы жағдайды өз пайдасына қарай өзгерте алмады дейді.
Ал Әзербайжан қорғаныс министрлігі егер армян тарабы әзербайжандық елді мекендерді атқылауын тоқтатпаса, Степанакерт қаласына соққы беріп қалу ықтималдығына орай елдегі барлық ауыр әскери техника мен қаруды толық әскери дайындыққа келтіруге бұйырды.
Таулы Қарабақтағы жанжал аймағындай жағдай 2 сәуірге қараған түні күрт шиеленіскен. Тараптар бірінші болып атқылап, атысты тоқтату келісімін бұзды деп бір-бірін айыптайды. Екі тараптан да ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды.
Дереккөз: azattyq.org