Жүзу
«Мұнайшы» орталық жүзу бассейнінде жүзуден қалалық біріншілік өтті.
Сайыс үш жас ерекшелігі бойынша өткізілді: 2002 жылғы және одан жоғары жастағылар, 2003-05 жылғылар, 2006 жылғылар және одан жоғары жастағылар. Сабина Сартекенова – 50 м еркін стильде және 50 м арқамен жүзу, Диар Ғизатов 50 м еркін стильде және 50 м арқамен жүзу, Виолетта Шильман 50 м еркін стильде және 50 м арқамен жүзу, Дамир Алтайұлы 50 м еркін стильде және 50 м баттерфляй, Сабина Жәңгірова 100 м еркін стиль мен 100 м арқамен жүзу, Жәнібек Мубинов 100 м еркін стильде, Азеля Ізбасарова 50 м брасс, Төкежан Тоқашев 50 м брасс, Венера Жәңгірова 50 м брасс, Ғазиз Есқалиев 50 м брасс, Эрнест Шварц 100 м брасс, Әлішер Таубаев 100 м баттерфляй, Әміржан Оразғалиев 50 м арқамен жүзу, Әділхан Жауыр 100 м арқамен жүзу бойынша жеңімпаздар атанды.
2015 жылдың қорытындысын жасаған облыс құрамасының бас бапкері Иван ГАЛКИН атыраулық жүзгіштердің республикалық сайыстан 3 алтын, 4 күміс, 7 қола алқаны қоржындарына салғанын атап өтті. Келесі қалалық сайыстар маусым айында Балаларды қорғау күніне орай өткізіледі.
Сурет И.Галкиндікі
***
Волейбол
Толығымен Атырау облысы мүгедектер спорт клубының мүшелерінен құралған отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасы таяуда ғана Қытайдың Хуанджоу қаласында өткен лицензиялық әлем кубогінде қола медальді жеңіп алды.
- Біз Ирак, Голландия, Канада, Польша, Жапония және Оңтүстік Корея құрамаларын жеңіп, Ресей мен Украина құрамаларынан жеңіліп қалдық. Украиндықтармен болған матчта жеңіп, финалға шығу мүмкіндігі болды. Алайда, команда мүшелері шабандап қалды. Үшінші орын үшін болған матчта команда Ирак құрамасын тізе бүктірді. Өткен жылғы Параазиадада Ирак ойыншылары бізді ұтып, қола жүлдегер атанған еді, - деп әңгімелейді ҚР құрама командасының бас жаттықтырушысы Бауыржан ТАХАУОВ.
- Риода өтетін Паралимпиадаға жолдама алу мәселесі шешіліп жатыр. Турнир ұйымдастырушылары Әлем кубогінде жалғыз лицензияны Ресей құрамасы жеңіп алғанын түсіндіруде. «Күміске» ие болған Украина құрамасы бұл шешімге келіспеуде. Өйткені, 2008 және 2012 жылдардағы Паралимпиадаларда отырып ойнайтын волейболдан 12 команда бақ сынады, ал, енді оны 8 командаға дейін қысқартып тастады. Егер Украина халықаралық паралимпиада комитетінде «квотаны» көбейтуге қол жеткізсе, онда бізге де Риоға жол түспек.
***
Дзюдо
Атырау қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер олимпиада резервтері спорт мектебінің тәрбиеленушісі Қанат Сейілхан неміс қаласы Бременде 1996-97 ж.т. жастар арасында дзюдодан өткен халықаралық турнирде жеңімпаз деп танылды.
Қанат бес жекпе-жек өткізді және оның әрқайсысын мерзімінен бұрын аяқтап отырды. Дзюдошыны Қанат Сүлейменов жаттықтырады. Сәуірде Қанатты дзюдоның отаны Жапонияда жаттығу жиындарына бару сапары күтіп тұр. Ал, жазда Азия чемпионатында бақ сынайды.
***
Дойбы
«Мұнайшы» спорт кешенінде мектеп оқушылары арасында дойбыдан қаланың жеке біріншілігі болып өтті.
Жарыс жас шамаларына қарай іріктелген – 10 жасқа дейінгі және одан жоғары екі топ бойынша өткізілді. Жарысқа барлығы 27 оқушы қатысты. Үлкен топ бойынша ер балалар арасында Бекарыс Жұмалиев (№25 мектеп) ең үздік ойыншы деп танылды, 2-ші орынды Нұрлыбек Марданов (қалалық ББ лицей), 3-ші орынды - Мақсат Өтеғұлов (№31 мектеп) иеленді. Қыздар арасында Данагүл Жұмалиева үздік болды (№25 мектеп), 2-ші орынға Айнель Сакимова (№15 мектеп), 3-ші орынға – Назерке Рахметоллаева (И.Тайманов атындағы мектеп) ие болды. Бастауыш сынып оқушылары арасында Әділет Қадим 1-ші орынды (№31 мектеп), 2-ші орынды Эльмира Жұмалиева (№25 мектеп), 3-ші орынды Әлішер Бекболатов (№15 мектеп) жеңіп алды.
***
Марафон
Байкалдың үстімен
Жүгіру марафонының әуесқойы, Атырау қаласының 30 жастағы тұрғыны Әділ Амандықов әлемдік марафондардың ең қиын деген жиырмалығына енетін Байкал мұз марафонына (42,195 шақырым) қатысты.
Танхой селосынан (Байкалдың оң жағы) асып өтіп басталатын маршрут Иркутск қаласына дейін ұлы өзен мұзымен жалғасады. Марафонға 200 жеңіл атлет қатысты, ал, қатысуға 600-ден аса адам өтініш берген. Байкал мұзымен жүгіру оңай емес - 20 градусқа дейінгі аяз, кей жерлердегі 20 сантиметрге дейінгі тереңдіктегі қар және желмен қарсы жүгіру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан да ұйымдастырушылар қатысушыларды мұқият іріктеуден өткізеді.
Әділ барлық қашықтықты жүгіріп өтіп, 110 метрде мәреге жетті.
- Өткен жылдың сәуір айында мен Алматыдағы марафонға, ал, қыркүйекте Астанадағы марафонға қатыстым, – деп әңгімелейді Әділ. – Арақашықтықты жақсы жүгіріп өттім. Нәтижелерімді интернет арқылы Байкал марафонын ұйымдастырушыларға жолдадым.
Алматы және Астана марафондарына қатысу Әділдің Байкал марафонына қатысам деген екі жылдық дайындық бағдарламасының өзінше бір мәресі болды деуге болады.
- Мен бос уақытымды көбіне жүгіруге арнаймын. Жайық өзені жағалауымен, қыста мұз үстімен жүгіремін, ал, қазір көбіне өткен жылы Нұрсая ықшамауданында Әбілхайыр хан даңғылына қатар салынған жүгіру жолы бойымен жүгіремін.
Сурет Әділ Амандықовтікі
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ