Атырау, 29 қараша 07:42
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Брестті 41-ші жылдағыдай қорғайды

2 218 просмотра

Танымал іздестіруші, Атырау мұнай және газ институты музейінің директоры Талғат ИЛЬЯСОВ жетекшілік ететін «Атырау-Брест» әскери-патриоттық экспедициясы Брест шайқасын қалпына келтіру шарасына қатысуға ниет етіп отыр.

20-22 маусым аралығында Еске алу мен аза тұту күні аясында неміс-фашист басқыншыларының соққысын алғашқы болып қабылдаған Белоруссияның Брест қаласында «22 маусым. Брест қамалы» деген атаудағы халықаралық тарихи қалпына келтіру фестивалі өтеді. Біздің «Атырау - Брест» экспедициясының құрамына АМжГИ студенттері – әскери-патриоттық тақырыпқа әуестенген «Лидерство» орталығының белсенді қатысушылары кіреді. Олар Брест қамалын қорғау эпизодтарын қалпына келтіруге қатысады. Сол жылдардағы атмосфераны құру үшін қатысушылардың барлығы міндетті түрде 1941 жылғы үлгідегі Қызыл әскердің әскери қызметкерлерінің формасында болуы тиіс. Шайқас қалпына келтірілгеннен кейін митинг-реквием мен Мәңгі алауға гүл шоқтарын қою салтанаты өтеді.

Талғат Ильясов Ұлы Отан соғысының батырлары туралы бейнеклипінің арқасында тек Қазақстанға емес, Ресейге, Украина мен Белоруссияға танымал. Қасым ҚАЙСЕНОВТІҢ «Партизанская тропа» повесінің желісі бойынша «Партизан Вася», «Женщины – герои Советского Союза», «Атырауские ветераны Великой Отечественной», «Фронтовые дороги гурьевчан Смыслова и Кавругина», «Курсанты Гурьевского военно-пехотного училища» және т.б. – бірнеше ондаған бейнефильмі бар.

2014 жылдың күзінде ол «Отты жерге» сапары кезінде «Атырау-Керчь» әскери-патриоттық экспедициясына жетекшілік етті. 1943 жылы біздің жауынгерлерді ерлікпен қорғаған Қырымдағы плацдармды осылай атаған еді. Олардың арасында біздің жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Қайырғали СМАҒҰЛОВ болды. Керчь-Эльтиген десанттық операциясының 71-ші жылдығына орай өткізілген шараларға қатысқан делегация құрамында Қайырғали Смағұловтың келіні Мәрия ӨТЕПҚАЛИЕВА, сондай-ақ, жастар ұйымының, қалалық әкімдіктің өкілдері болды. Олар жауынгер-десантшылардың бауырластар зиратына барып, Эльтиген десанты тарихының музейіндегі митингке қатысып қайтты.

– Біздің қазақстандық делегация «Белоруссия республикалық жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің Брест қалалық комитетінен бірінші болып шақырту алды, - дейді Талғат Ильясов. – Формалы киімді тігу үшін «Атырау Жарық» ААҚ қаржылай көмек көрсетті, форманы Минск тігін фабрикасында тігеді.

Облыстық мәдениет басқармасы жігіттердің жолақысын өз мойнына алуға әзір. Бәлкім, біздің делегациямызға қолдау көрсететін басқа да ниет білдірушілер табылып қалар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

31 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.