Атырау, 29 қараша 07:46
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Бас жүлде Шалқарбай Ізбасаровқа бұйырды

6 994 просмотра


27 жастағы атыраулық айтыскер ақын Шалқарбай ІЗБАСАРОВ таяуда Астана мен Алматыда өткен ақындар айтысында сәтті өнер көрсетіп, табыспен оралды.

22 наурыз күні Алматы қаласының 1000 жылдығын тойлау аясында Студенттер сарайында өткен xалықаралық «Мың жасаған шаxар» атты ақындар айтысында үшінші орынды (сондай-ақ, 300 мың теңге), ал 23 наурызда Астанада өткен «Жұлдыздар айтысады» шоу-айтысында бас жүлдені жеңіп алды.

Халықаралық ақындар айтысына Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолиядан келген 14 айтыскер қатысқан болатын. Шалқарбай алматылық студент Бибігүл ТІЛЕБОЛДИНОВАМЕН айтысқа шыққан болатын. Айтысты көріп тамашалаған көрермендердің бірі Қымбат БЕЙСЕКИНА өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына «Менің ойымша, алты сағатқа созылған айтыстың Шалқарбай мен Бибігүлдің айтысының бөлігі ең қызық болды деп ойлаймын» деп жазып, сол айтысты түсірген бейнежазбадан үзінді жариялапты.

Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ халықаралық ақындар айтысында атыраулық ақынның жүлделі орын алуы бірінші рет болып отырғанын атап өтті.

Ал, Астанада Конгресс-Холл сарайында өткен «Жұлдыздар айтысады» шоу-айтысында айтыскер ақындар мен танымал әншілер жұп болып айтысты. Шалқарбай танымал әнші Еркін НҰРЖАНОВПЕН айтысып, бас жүлдеге ие болды және оған 1 миллион теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. «Жұлдыздар айтысады» шоу айтысын жақын арада «Хабар» телеарнасынан көріп тамашалауға болады.

Айтып өтейік, «Жұлдыздар айтысады» шоу айтысы биыл екінші рет өткізіліп отыр. Былтыр бас жүлде мен 1 миллион теңгені қазылар алқасы Балғынбек Имашев пен Жанар Айжанова және Серікзат Дүйсенғазин мен Роза Әлқожаның жұптарына бөліп берген болатын.

Шалқарбай Ізбасаров Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылының тумасы, облыстық және республикалық айтыстардың жүлдегері. Шалқарбайға шалқар шабыт тілейміз!

Айнұр САПАРОВА

25 наурыз 2016, 17:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.