Атырау, 18 мамыр 15:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

«Атырау» ФК директоры: «Міндет – еурокубокке қатысу»

2 376 просмотра

Image 2Кезекті футбол маусымы басталды. «Атырау» командасының құрамындағы өзгерістер, ойыншылардың құны, команданың бюджеті туралы біз «Атырау» футбол командасының директоры Асылбек ЖҮНТЕРБАЕВТАН (суретте) сұрадық.

ЖАҢАДАН КЕЛГЕН МЫҚТЫЛАР

- Асылбек Сауырбайұлы, команда құрамында қандай өзгерістер бар?

- Команданың өткен жылғы құрамынан сегіз футболшы ғана қалды: Жасур Нарзикулов, Валентин Чуреев, Руслан Эсатов, Владислав Кузьмин, Алтынбек Сапаров, Стефан Эссаме, Владимир Аржанов және Қасымхан Нақпаев. Қысқы маусым аралығында клуб бірнеше жаңа ойыншылармен келісімшарт жасасты. Жаңа ойыншылар селекциясынан жолымыз болды деуге болады. Команданың жаңа мүшелеріне қысқаша мінездеме беріп кетейін. Алексей Мулдаров – 31 жастағы орталық қорғаушы, Қазақстан ұлттық құрамасында ойнаған тәжірибесі бар. Оның жақсы дене бітімі (бойы – 189 см), көшбасшылық қасиеттері бар. Абдель Ламанж – Франциядан келген қорғаушы, соңғы бірнеше маусымда Ресейде ойнады. Абдель біздің футболға машықтанған, орыс тілін біледі. Жылдамдығы жоғары, өте алғыр. Александр Дамчевски – 23 жастағы орталық қорғаушы. Ол да Францияның тумасы, бірақ, Македонияның құрамасы үшін ойнайды. Допты тебуде мықты. Тағы да біздің команданың қатары «Қайсар» және «Ақтөбе» үшін ойнап, футбол сүйер қауымға танымал болған 26 жастағы қорғаушы Алдан Балтаевпен толықты. Балтаев қорғаушылар арасында бәсекелестікті күшейту үшін шақырылды. Жаңа келген футболшылар арасынан Қазақстан құрамасы үшін ойнаған Валерий Коробкинді атауға болады. Коробкин - өткен маусымның ең үздік маңызды жартылай қорғаушылардың бірі. Команда тағы да қапталдағы екі жартылай қорғаушылар - Павел Шабалин мен Ұлан Қонысбаевпен толықты. Екі ойыншы да мықты, допты дәл енгізуге бейім. Қонысбаев қазір Қазақстан құрамасында. Алаң ортасында «Волыни» командасынан келген жартылай қорғаушы украиндық Вячеслав Шарпар ойынды күшейтеді. Шабуылға поляк Пшемыслав Трытко мен белорус Александр Макась шығады. Трытко – өзін Польша чемпионатында көрсете білген, жақсы дайындығы бар мықты футболшы. Соңғы жылдары ол Польшаның «Корона» командасында ойнады, жанкүйерлерінің сүйіктісі және көшбасшы болды. Оның жасы 28-де. Александр Макась – 24 жастағы шабуылшы өткен жылы белорус құрамасына енді. Ол жылдамдық жағынан ешкімге дес бермейтін, өзгеше тактикасы бар футболшы. Біздің футбол орталығының жас тәрбиеленушілерінен командамен бірге Түркиядағы жиынға алты адам барды: қақпашы – 20 жастағы Азамат Жомартов, қорғаушы – 19 жастағы Руслан Муфтолла, жартылай қорғаушы – 20 жастағы Алтынбек Сапаров, 18 жастағы Наурызбек Жагоров, 19 жастағы Айболат Макуов, шабуылшы – 22 жастағы Қасымхан Нақпаев. Олардың барлығы да осы маусымда негізгі құраммен матчтарға қатыстырылатын болады.

«ОЙЫНШЫЛАРДЫ САТЫП АЛУҒА АҚША ЖҰМСАМАЙМЫЗ»

- 2015 жылы команда 5-ші орын алды, 2014 жылы - 9-шы, 2013-те – 8-ші орынды иеленді. Алдағы маусымдағы міндет қандай?

- Міндет – еурокубок аймағына ену, яғни, төрттен төмен орын алып қалмауымыз керек. Жаңадан келген ойыншыларға үміт артып отырмыз.

- Өткен маусымның аяғында «Атырау» командасының бас бапкері Владимир Никитенко «Атырау» ФК өзінің бюджеті бойынша Премьер-лигада соңғы орындарға ие және командаға барлық жағынан үнемдеуге тура келеді деп мәлімдеген болатын. Ал, қазір жағдай қалай?

Image 1Жетісу» командасымен болған көшпелі матчта команданың жаңа ойыншысы Ұлан Қонысбаев осы маусымда «Атыраудың» алғашқы голын соқты.- Бұл сұраққа жауап беру мен үшін қиындау болып тұр, өйткені менде бұл маусымдағы басқа клубтардың бюджеттері туралы ақпараттар жоқ. Айта кету керек, 2013 жылы біздің клубымыз ауыр қаржылық тапшылықты бастан өткізді. Алға қарай құрамды жинақтап, алдағы міндеттерді шешу үшін бізге барлық орын алған мәселелерді жедел шешу керек болды. Соңғы үш жылда клубта және команда жұмысын тұрақтандыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылды деп есептеймін. Өткен жылы біздің бұл еңбегіміз бағаланды деуге болады: Астанада бізді 2014-2015 жылдардың қорытындысы бойынша ұлттық сертификатпен марапаттады, өйткені «Атырау» футбол клубы өз саласының көшбасшысы болып танылды.

- Әдетте көктем сайын transfermarkt сайты Премьер-Лиганың жетекші ойыншыларының бағасын жариялаушы еді…

- Білесіз бе, transfermarkt.de сайты неміс сайты болып табылады. Бұл сауалға жауап беру қиын, ол жерде футболшылар құны қандай себептерге бола жарияланады. Бұл сайтта көрсетілген ойыншылар бағасы туралы тікелей солардың басшыларынан сұрау керек болар. «Атырау» футболшылар сатып алуға ақша жұмсап отырған жоқ, біз еркін агенттерге жазыламыз, сол себепті transfermarkt.de.сайтының мәліметтеріне назар аудармаймыз.

- Мақсат Байжанов пен Мұрат Тлешевтің тағдырлары не болды, олардың өткен жылғы командаға қосқан үлестерін қалай бағалайсыз?

- Мақсат пен Мұрат маусымды жақсы өткізді, турнир міндеттерін шешуге көмектесті. Біз оларға сол үшін де ризамыз. Бізге Байжановтың өзі бұрын болған «Шахтеріне» оралғаны белгілі, Тлешов БАҚ сенетін болсақ, өз мансабын Бірінші лига командаларының бірінде жалғастырмақ.

«"МҰНАЙШЫНЫ" ҚАЙТА ЖАРАҚТАУ КЕРЕК»

- Никитенконың сөзіне қарағанда, команданың жаттығу алаңы жоқ және «Мұнайшы» стадионындағы негізгі алаңды пайдалануға тура келген екен. «Судоремонтник» стадионын қайта жарақтандыру бойынша жоспар қандай? «Мұнайшы» УЕФА стандарттарына сәйкес келуі үшін қайта жарақтала ма?

- Команданың жаттығу алаңы бар, ол Балықшыдағы «Судоремонтник» стадионы. Тек ондағы жасанды газонды ауыстырып, орнына сапасы жоғарысын төсеу керек. «Судоремонтниктің» қайта жасақтау жобалық-сметалық құжаттары дайын, жазда жұмыс басталуы тиіс. «Мұнайшы» стадионына келетін болсақ, оны қайта жарақтандыру міндетті түрде қажет. Алайда, бұл мәселеге қатысты сауалдарды стадион басшыларына қойған жөн. Бұл стадионның еурокубок ойындарын өткізуге жарамдылығын УЕФА комиссиясы шешеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, «Атырау» ФК алдында еурокубок аймағына ену міндеті тұр.

- Дубль құрамында қандай өзгерістер бар?

- Кестедегі өзгерістерге сәйкес, дубль құрамы командаларында осы маусымнан бастап жеке турнир – Екінші лига чемпионаты өткізілетін болады, оған «Атырау» дубль құрамы қатысады. Әзірге Екінші лиганың құрамы мен кестесі белгісіз. Атап кету керек, өткен жылдағыдай дубльде «Атырау» футбол клубының тәрбиеленушілері бақ сынайды. Олар 1997-99 ж.т. ойыншылар. Қазір команданы жинақтаумен дубль құрамының аға жаттықтырушысы Тимур Үкібаев айналысуда.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті «Атырау» ФК баспасөз қызметі ұсынды.

24 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.