Атырау, 10 қазан 11:28
 ашықВ Атырау +20
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

​«Адамдар көмегін аямайды»

4 398 просмотра

Image 0Соңғы кездері біз «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының қайырымдылық акциялары туралы жиі естіп жүрміз. Жақында ғана қаламыздың ірі сауда орталығында кішкентай Айназ есімді қыз баланың емделуіне көмек қолын созу үшін жас еріктілер «Сәбиге өмір сыйла» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. 200 мың теңге жиналып, сәбидің анасына табыс етілді. Бүгін біз «Жүректен жүрекке» ҚҚ жетекшісі Әйгерім ДОСҚАЛИЕВА (суретте) туралы әңгіме қозғамақпыз.

ЖАСТАР БАСТАМАСЫ

«Жүректен жүрекке» еріктілер тобы 2013 жылдың сәуірінде құрылды. Ал, сол жылы күзде Құрбан айт мерекесінде мен алғаш рет Әйгеріммен таныстым. Әйгерім бастаған бір топ жас «Тамаша» орталығының жанына ертемен жиналып, алдын ала жиналған қаржыға сатып алынған азық-түлікті бірнеше топ жан-жаққа тарату үшін алып кетті. Сол күні кешке дейін олар қамкөңіл қариялар мен жалғызілікті жандардың үйіне барып, бірінші қажетті азық-түліктерді табыстап, үйлерін жинастырып, тазалау жұмыстарын жасады. Тағы бір жартысы көше бойындағы қайыр сұраған жандарға тамақ толы сөмкелерді ұсынып, баталарын алды. Өрімдей жастардың қайраттылықтарына мен сол кезде қатты риза болып едім.

Әйгерім Атырау қаласында туып-өскен, мектептен кейін колледжде, кейін Орал қаласындағы университетте білім алған. Қазір қаладағы бір компанияда келісімшарт бөлімінің маманы болып қызмет атқарады әрі жақында заңгер мамандығы бойынша дипломын алмақ.

- Бәрі досым Мақсоттың «жетімдер үйіне көмектесейікші» деген ойынан басталды. Сол кезде өзара таныс жастар қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Геологта орналасқан «Шаңырақ» балалар аулының тәрбиеленушілері қолынан шыққан бұйымдарды сатылымға шығардық. Шамамен, 200 мыңға жуық қаражат жиналды сол кезде. Түгелімен сол қаржыны балалардың өзіне қайта жұмсадық – жазғы лагерьге барғалы жатқан балаларға киім-кешек сатып әпердік. Содан әрі қарай бәрі жалғасып кетті, - дейді Әйгерім. – «Жүректен жүрекке» еріктілер тобын құру туралы идеяны досым Серікбай ұсынған болатын, Мақсот, Таңшолпан, Серікбай төртеуіміз болып топ жұмысын бастадық. Ол кезде жасымыз 18-19-да болатын.

Әйгерім қайырымдылықпен жұмыстан тыс кезінде айналысады. Сенбі, жексенбі күндерін осындай шараларға арнайды. Оның айтуынша, жақсылық жасаған адамның бойында ерекше күш пайда болады.

Ал, 4 наурызда осы ұйымның бастамасымен ұйымдастырылған «Жан жылуы» акциясы өз мәресіне жетті. Орталық «Иманғали» мешітінде мұқтаж жандар үшін жиналған киім-кешек зәру жандарға тегін таратылды. Әлеуметтік желілердегі жастардың парақшаларынан бұл акцияға қала тұрғындарының белсене қатысқанын байқадым. Киімдерге толы сөмкелер тау болып үйіліп қалған.

2015 жылы қоғамдық қор болып тіркелген топ мүшелері айына 2-3 рет түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырып тұрады. Олардың қатарында «Сәбиге өмір сыйла», «Жан жылуы», «Сыйласаңдар кәріңді», «Жетім көрсең жебей жүр», «Күлкі терапиясы», «Балалар көзқарасындағы мейірім», «Ең керемет күн» жобалары бар.

«Күлкі терапиясы» жобасының жастары облыстық ауруханада емделіп жатқан балалар мен сәбилерге көңілді көріністер қойып, жандары ауырған періштелердің көңіл-күйлерін, еңселерін көтеруге тырысып-ақ жүр. Оларды айына екі мәрте осы балалар ауруханасынан таба аласыз. Қарттар үйі, сәбилер үйі, балалар үйі, ауруханалар... олар жандарына қаяу түскен жандардың жанынан табылуға әзір. Әр жүргізілген іс-шара, түскен қаражаттың есебі ашық, бәрі олардың парақшаларында жарияланған.

ЖАС ӘРІ КЕРЕМЕТ ЖАНДАР

Image 1Былтыр мамырда Атырауда қатты жауын салдарынан үйлер суға кеткенде «Жүректен жүрекке» тобының бір топ жігіттері су тасқынынан зардап шеккен үйлерге көмек көрсетіп, қыздар жағы азық-түлікпен қамтамасыз етіп жүрді. Сол еңбектері үшін Қазақстанның Азаматтық альянсының марапатына ие болған. Әйгерімнің өзі ел президентінің Алғыс хатын алған.

- Марапат алу үшін жасап жүрген жоқпыз бұның бәрін. Дегенмен, мұның бәрі – баға жетпес дүние, - дейді Әйгерім. Ал, «Жүректен жүрекке» қазір тек Атырауда ғана емес, республикамыздың бірнеше қалаларында құрылып үлгерді. Әлеуметтік желі арқылы танысқан жастар өзгелердің мәрт істеріне қайран қалып, Алматы, Астана, Ақтау, Орал, Ақтөбе, Тараз, Қарағанды, Арал, Жезқазған, Сәтпаев қалаларында да осындай игі істі бастауға мұрындық болған.

- Сіздерден көмек сұрап келетіндердің қатары көбейген болар?

- Біздерге көмек сұрап хабарласатындар өте көп, алайда, алдымен барлығының құжаттарын тексеріп, арасындағы жағдайы тым нашарына көмектесеміз. Қаржыны қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жинаймыз, ол дегеніңіз мешіттегі жәрмеңке болуы мүмкін, сауда орталығында шар мен тәттілерді сату болуы мүмкін, не болмаса әр түрлі қайырымдылық концерттері.

Рас, Атыраудың халқы жомарт. Қай шараға болмасын жаппай атсалысып жатады.

Алғашында бір кафелерде жинала салатынбыз, кейін ол қалтамызға ауыр болған соң жиналатын жер іздей бастадық, бір кездері «Достық» үйінің 10 шаршы метрлік кабинетін паналадық, ол жерге адам көп болған соң сыймадық. Қазір Облыстық кәсіподақтар үйінде бас қосып, алдағы жоспарларымызды бекітеміз. Негізі қатарымызда 200-ден астам ерікті бар, алайда, белсенді атсалысып жүргендері – 50 шақты. Олар өздері сұранып келеді, біздерге сол әлеуметтік желілер арқылы хабарласып жатады. Барлығы да жастар – біреулері оқиды, біреулері жұмыс жасайды. Қайырымдылық шараларына бос уақыттарын жұмсайды, әрине, ол үшін ешкім ешқандай ақша алмайды, себебі, игі істер ақша үшін жасалмайды.

Жақында әлеуметтік желілер мен БАҚ-ты шулатқан балаларын интернатқа тапсыруға мәжбүр болған жесір ананың тағдыры да «Жүректен жүрекке» жастарын бей-жай қалдырмады. Жастар оларды қолдау мақсатында акция дайындап жатыр.

...Әйгерім өзі өте қарапайым, көзге түсе бергенді қаламайды. Оған хабарласып, өзі туралы жазбақ ниетімді айтқанда ол тек өзі туралы жазғанымды қаламады, себебі, бұл істің басында өзі секілді жастардың еңбегі де барын айтты. Тек алға, еріктілер тобы!

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

24 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.