БІШКЕК. ҚазАқпарат - Интерполдың Қырғызстандағы Ұлттық орталық бюросының баспасөз қызметінен келіп түскен мәліметтер бойынша, Дубайда (БАӘ) Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың күйеу баласы - халықаралық іздеуде болған Әділ Тойғонбаев ұсталды.
Қырғыз құқық қорғау органдары бірқатар қылмыстарды жасады деп айыптаған Ә.Тойғонбаев 2005 жылдан бері іздеуде жүрген. Атап айтқанда, ол Қырғызстан Республикасының 166-бабы («Адамдар тобының алдын ала келісіп жасаған алаяқтығы), 169-бабы («Ұрлық») және 213-бабы («Шаруашылық етуші субъектілердің қызметтік тұлғаларының салықтар мен басқа міндетті сақтандыру жарналарын төлеуден жалтару») бойынша айыпталып отыр.
Қырғыз тарапының сұрауымен Ә.Тойғонбаев соның ішінде Интерполдың «қызыл циркулярына» енгізіліп, шекараны кесіп өткенде ұсталуы тиіс.
Қолда бар мәліметтер бойынша, 11 жыл бұрын «қызғалдақ революциясынан» кейін іздеу жарияланған А.Ақаевтың күйеу баласын Қазақстан мен Ресей әуежайларында бірнеше рет ұсталған.
Дереккөз: inform.kz