Атырау, 23 қараша 00:46
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Жәкең қалай шынықты

2 950 просмотра

Image 0Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында тұратын 60 жастағы Жарылғасын БАЙЖАНОВ (суретте) үшін қақаған аязда қарға рахаттана «шомылып», қар аралас мұздай суға толы шелекті үстіне құйып, жалаңаяқ жүгіру еш қиын емес.

Байжанов 2006 жылы құрылған «Манас» шаруа қожалығының иесі. - Кезінде маған туыс інім көмектесті, ал Нұртас, Бектас, Манас есімді үш ұлым ер жеткен соң шаруашылықты қолдарына алуларына тура келді, - дейді Жарылғасын Байжанов. - Күні бүгінде 100 бас ірі қара, 60-қа жуық түйе, 150-дей ешкі, бір үйір жылқымыз бар.

«Манас» ШҚ шұбат өнімдерін Атырау қаласындағы «Сарайшық» базарына апарып сатады. Түйені келіндері Ару мен Орынгүл сауады. Тату-тәтті отбасы барлық табысты бір қолға құяды. Оның есепшісі - ағаның жолдасы Үміт ҚАЛАШЕВА.

ШЫНЫҚСАҢ, ШЫМЫР БОЛАСЫҢ

Жарылғасын Байжановтың салауатты өмір салтын ұстануға көшкеніне он жылдан асты.

- Мен бұдан он жыл бұрын түнгі 11-де ас жеп жата қалып, жеген асым қорытылмай, ұйқым бұзыла беретін. Аса толық болмасам да, екі аяғым кешке қарай ісіп, жүрек соғысы да жиілеп, ентігетінді шығардым. Дәл осы қалпымда жүре берсем, бұдан әрі жағдайым қиын болатынын ұғынып, елу жасқа жетпей өзімді қолға алдым. Өмір сүру салтымды өзгертемін деп шештім. Басында тамақты тартынып жеу, ұйықтар алдында ас ішпеу, салқын душ қабылдау қиындау болды. Ішімдік ішу мен шылым шегуді мүлдем тастадым. Таңертең күнделікті жаттығу жасай бастадым.

- Ал, қазір бір күніңіз қалай өтеді?

- Мен таңертең 6.30-да тұрып, жарты сағат жаттығу жасаймын. Оны орындап болған соң бір стақан су ішемін. Суды жәймен ұрттап ішу керек, сонда сіңімді болады. Сосын далаға бір сағат жаяу жүремін, жүгірмеймін. Жаттығу жасағанда біздің жастағы адамдар жүрекке салмақ түсірмеу жағын есте ұстауы қажет. Кешкі сағат 7-ден кейін далаға шығып, қыста 1-1,5 сағат, жазда 5 км жаяу жүремін. Әр апта сайын екі күн жеңіл ашығу түрін қолданамын. Күні бойы суды ғана тұтынып, асты кешке ғана ішемін. Қазір өзімді жақсы сезінемін.

- Салқын суға бойыңызды қалай үйреттіңіз?

- Мен басында күн салқындағанша Жем өзеніне түсіп жүрдім. Күн салқындағасын үйде жуынып жүрдім, кейін оған қар салып суыта бастадым. Судың температурасын төмендетіп, қақаған қыста бір кезек жалаңаш қалпы бірер минут далада тұрып үйге кіретінмін. Содан кейін оны көбейте бастадым. Кейін далада тұрып жуынуды қолға алдым, судың температурасын шыныққан сайын салқындататынмын. Ал, қарға жуынуды үш жылдан бері іске асырудамын, қазір қарда жалаңаяқ жүремін. Денсаулығыма ешқандай өкпем жоқ, соңғы жылдары тұмау дегенді ұмыттым.

- Тамақтану тәртібіне қандай өзгеріс енгіздіңіз?

- Таңертеңгілік асқа ботқа немесе бір жұмыртқа жеймін. Сосын екі стақан жылы суға лимон немесе екі-үш құрма салып ішемін. Ал, шәйдан баяғыда бас тартқам, оған отыз жыл болды. Күніге екі литр су ішіп, нанды он, он бес күнде бір жеймін. Түсте 400 гр ыстық тамақ ішемін. Бешбармақты түсте жеген тиімді. Мен қамыры емес, еттің өзін, кейде май жеймін, сосын сорпа ішемін. Кешкі сағат 7-ге дейін ас ішемін. Қуаты, нәрі бар қымыз бен шұбаттан қол үзбеу керек.

- Кешке басталатын той-томалақтарды қайтесіз?

- Ас ішпеймін, тек судан ұрттап, жеміс-жидекке арасында қол созамын. Қазір құрдастарым бұған үйренді.

- Балаларыңыз да сіз секілді салқын суға түсе ме?

- Олар әзірге қолға ала қойған жоқ, бірақ мен оларға қимыл-қозғалыс, әдемі тамақтану керектігін үнемі айтып отырамын. Бәрі адамның ой-санасының өзгеруіне байланысты, ол бәрін өзі үшін, отбасы, келешегі үшін жасайды ғой. Адам үлкейген сайын отбасына, өзіне ауыртпалық түсірмеуді ойлау керек.

- Қатарыңызды көбейткіңіз келетініңізді айттыңыз...

- Иә, қатарым көбейсе қуанамын. Жалқаулық - адамның қас жауы. Адамға қозғалыс керек!

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

24 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.