Фото: bbc.comHадежда Савченконы Украинаға беру немесе айырбастау туралы шешімді тек Ресей президенті Владимир Путин ғана қабылдайды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеген. Оның сөзінше, украиналық әскери қызметкерді айырбастау мәселесінде Ресей «ұлттық заңнамадан еш ауытқымай» әрекет ететін болады.
Ресейдің Ростов облысында Донецк қалалық соты кеше Украина азаматы Надежда Савченконы 2014 жылы жазда Украинаның Луганск қаласы маңында мерт болған ресейлік екі журналистің қазасына кінәлі деп тауып, оған 22 жыл түрме жазасын тағайындаған. Сот Савченкоға Ресей шекарасын «заңсыз кесіп өткені» үшін 30 мың рубль айыппұл төлеуді де міндеттеген. Бірақ Надежда Савченко өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.
Украина президенті Петр Порошенко Савченкоға үкімді айыптап, Ресей президенті Владимир Путиннің «норман форматындағы кездесу кезінде Надежда Савченконы Украинаға қайтаруға уәде еткенін» еске салған. «Сол уәдені орындайтын сәт туды!», - деп мәлімдеген Порошенко «Украинаға қарсы қарулы басқыншылыққа қатысқаны үшін ұсталған» екі ресейлік әскери қызметкерді Савченкоға айырбастауға әзір екенін мәлімдеген.
Дереккөз: azattyq.org