Көрнекі сурет. Атырау облыстық ТЖД бірыңғай диспетчерлік қызметінің бастығы Нұрлан ЖАҢАБАЕВ хабарлағандай, 17 наурызға қараған түні Каспий теңізінен қатты соққан желқума салдарынан «Қожан» ЖШС игеріп жатқан Жылыой ауданындағы «Западный Морской» мұнай кенішінде екі ұңғыма суға батты.
- Ұңғымалар арасындағы қашықтық он шақырымды құрайды. Жол талғамайтын көліктің көмегімен 17 наурызда сағат 7-де құтқарушылар №70 ұңғымадан 16 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Техника №83 ұңғымадағы басқа мұнайшыларды құтқаруға кетті.
- Желқума толқынынан суға кеткен «Западный Морской» кенішінен мұнайшыларды құтқару жұмыстары аяқталды, - деп хабарлады Нұрлан Жаңабаев. 17 наурызда сағат 11-де жол талғамайтын көліктер керуені 25 жұмысшы қалған №83 ұңғымаға жетті. Барлығы асханада тамақтандырылып, содан соң Теңіздегі вахталық поселкеге жеткізілді. Медициналық көмекке мұқтаждар жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ