Атырау қалалық соты «Атырау Жарық» АҚ-нан ток соғып, зақым алған жасөспірімді емдеуге 17 млн теңгеден астам соманы өндіріп алды.
2014 жылдың сәурінде оны электр қосалқы станциясының қоршалмаған аумағында ток соққан еді. 12 жасар бала қатты күйікпен ауруханаға жеткізілді. Медиктерге оның екі қолын да кесіп тастауға тура келді.
Анасы кәсіпорыннан материалдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінген болатын. Осы кәсіпорын қызметкерлерінің немқұрайлылығы салдарынан баласы қолсыз қалған еді. Осынау ауыр зақым салдарын кезеңмен емдеу (тіндерді қалпына келтіру, протездер дайындау және т.б.) үшін ата-анасына Стамбулдағы Medicareinternational емханасына жүгінуге тура келген.
«Жасөспірімнің анасы ұсынған құжаттар бойынша оны емдеу шығындарының сомасы 142 600 долларды құрады. Сот істің мән-жайын толық тексеріп, «Атырау Жарық» АҚ-дан 17 549 703 теңге мөлшерінде өтемақы өндіріп алды», - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА