«Намыс» кекушинкай карате областық федерациясы енді кекушинкай-кан карате республикалық федерациясының Атырау филиалы болып аталады. Бұл туралы филиал жаттықтырушысы Рүстем БАЙБОСЫНОВ (суретте) хабарлады.
«ЖС» анықтамасы:
Амантайұлы Байбосынов, 20 жаста, қара белдік иегері (1-ші дан), ҚР үш дүркін чемпионы, ТМД, Ресейдің оңтүстік өңірлерінің, Каспий маңы мемелекеттері кубогінің жеңімпазы.
«“ТАКОКАНДА" БАҚ СЫНАУ ОҢАЙ ЕМЕС»
– Мен 14 жасымнан бастап каратемен қара белдік иегері (3-ші дан), сэнсэй Танат Нұрымовта жаттығып келдім. Соңғы үш жылда өзім бапкерлікті қолға алдым. Жоғары бапкерлік санатқа ие болуды армандаймын. Егер менің тәрбиеленушілерімнің екеуі ҚР спорт шеберлігі атағын алса, сонда ғана маған жоғары санат беріледі. Бұл арманым орындалады деген сенімдемін, өйткені сәуірдің басында Көкшетауда еліміздің чемпионаты болады, сол чемпионатқа менің төрт шәкіртім – Бекасыл Арманұлы, Данияр Есенғұлов, Әнуар Қайырлиев және Ғалымжан Кенжиевтер қатысады. Олардың барлығы бірдей «алтынды» жеңіп алып, Қазақстан спорт шеберлігі атағын алуға лайықты.
– Сіздің шәкірттеріңіз өткен жылы қандай спорттық жетістіктерге қол жеткізді?
– Ақпан айында облыс біріншілігінде Ратмир Тоғашев, Али Махметов, Данила Тарабрин және Димаш Әбдіғали жеңіске жетті. Астраханда өткен турнирде Махметов, Әліби Мұрзағалиев және Әбдіғали жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
16 жастағы Аманат Еділбаев өткен жылы Қазақстан чемпионы атанды. Ресейдің оңтүстік өңірлері, ТМД және Каспий маңы мемлекеттерінің Кубогін жеңіп алды және еліміз құрамасының бапкерлік штабының шешімімен өткен жылдың қарашасында Жапониядағы әлем чемпионатына жолдама алды. Алайда, өкінішіке орай бірінші жекпе-жекте-ақ жеңіліске ұшырады. Ол табан тірескен күресте татами қожайындарынан ұтылды. Жеңіске жетуі мүмкін еді. Алайда, соққысын дұрыс дарыта алмады. Аяқпен басқа соғу керек еді, иыққа тигізді, осылайша бір рет мүлт кетті. Және оған он татамиде күніне үш мыңдай спортшы күш сынасатын «Такокан» сарайындағы ахуал әсер етті.
Мамыр айында Германияда өткен Еуропа чемпионатына 16 жастағы Диар Жаниязов қатысты. Ол осыдан екі жыл бұрын Барселонада Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері болған еді. Алайда оған бірінші айналымда Ресейдің титулды спортшысымен кездесу бұйырды, ал бұл жекпе-жек бізге пайда әкелмеді.
Қазан айында Ақтөбеде ашық облыстық турнир өтті, одан Тоғашев, Әбдіғали, Махметов, Глеб Постянко, Алдияр Шәріпов, Илья Шлыков, Тимур Кенжеғалиевтар алтынмен оралды. Айта кету керек, Ақтөбеде, Атырауда, Ақтауда да кекушинкай карате бірдей дамып келеді. Бұл үш қала да өз командаларын жарысқа Краснодар мен Астраханға жібереді және онда оқу-жаттығы жиындарын өткізеді. Өйткені, Жапония, Бразилия мен Ресейде кекушинкай каратенің даму деңгейі өте жоғары. Сондықтан да ресейлік әріптестермен тәжірибе алмасу біз үшін өте пайдалы. Қаңтарда Алматыда кекушинкай каратенің біріккен нұсқасы бойынша Қазақстан чемпионаты болды. Өкінішке қарай біздің бірде-бір спортшымыз алдын-ала өткізілген айналымнан шыға алмады. Мен өзім де алаңға шықтым, бір жекпе-жекті жеңіп, екіншісінде хантей-төрешілер кеңесінің шешімімен ұтылып қалдым.
КАРАТИС-БҮЛДІРШІНДЕР
– Осы жылдың жоспарлары қандай?
– Ең басты жоспар – Қазақстан чемпионатында жеңіп, осы жылдың мамыр айында Барселонада өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алу. Сөз реті келгенде жаттығу залдарының жетіспейтіндігін айтпасқа болмайды, бізде каратемен айналысам деушілердің легі барған сайын артып барады. Қазір филиалда шамамен үш жүздей бала жаттығып жүр. Жаттығулар «Атырау», «Балықшы» денешынықтыру-сауықтыру кешенінде, «Атырау» фитнес-орталығында, «Знайка» дамыту орталығында және төрт балабақшада өткізіліп жүр. Жаттығу үшін залдар айтарлықтай жетіспейді. Біз қала әкімдігіне хат жолдадық, бізге Нұрсая ықшамауданындағы №13 үйдің цоколді бөліктерін жалға беруді уәде етті. Алайда, оның айтылғанына біраз уақыт болғанымен, әлі қолға алынған жоқ.
– Сіз тіпті, балабақшаларда да жаттығу жүргізіледі деп айтып өттіңіз…
- Біз 4-5 жастағы балаларды да жаттықтырамыз және олар үшін турнирлер ұйымдастырамыз. Жарыстарда балаларға жилет, шлем, қолғап кигіземіз. Жарақат алуға ешқандай қауіп жоқ. Бұл жастағы балалар арасында да біздің чемпиондарымыз бар. Давид Абакумов пен Владислав Шишов техниканы шебер меңгеріп алды.
– «Намыс» федерациясы 2008 жылы құрылды. Енді оның атауы өзгерді. «Намыс» ардагерлері қайда?
–Қазақстан, Ресей чемпионы, әлем чемпионатының, АҚШ ашық чемпионатының жүлдегері, әлемдегі ең үздік кекушинкай спортшыларының сегіздігіне енген спортшы Пауеден Сақауов – Атырауда програмист болып жұмыс жасайды. Қазақстан чемпионы Еркін Кенжеғали – қазір №2 қалалық полиция бөлімінің бастығы. «Намыстың» спортшыларының көпшілігі өмірде үлкен жетістіктерге қол жеткізді және оларға карате көмектесті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор
Суретте: облыс чемпиондары Алдияр Шарипов, Илья Шлыков және Тимур Кенжеғалиев.