Фото: inform.kzРесей президенті Владимир Путин Қорғаныс министрі Сергей Шойгуға 15 наурыз, яғни бүгіннен бастап Сириядан ресейлік әскердің негізгі бөлігін шығаруды бұйырды. Бұған қоса ел президенті сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа Сириядағы қақтығысты реттеу процесіне Ресейдің қатысуын жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды ТАСС.
ҚР Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев аталған шешім елдердің бітімге келуіне септігін тигізетінін атап өтті.
Сирия президенті Башар Асадпен телефон арқылы сөйлескен Путин Ресей әскері өзіне жүктелген негізгі міндеттерді орындағаннан кейін осындай шешім қабылданып отырғанын айтты.
Ресейдің мұндай қадамға барарын еш күтпеген АҚШ пен Еуропа елдері Путиннің бұл шешімі Сириядағы қақтығысты реттеу процесіне қалай ықпал ететінін болжаудан әзірге тайсақтап отыр.
«Жалпы Қорғаныс министрлігінің алдына қойылған міндеттер толығымен орындалды деп ойлаймын. Сол себепті ертеңнен бастап Сирия Араб Республикасынан негізгі әскер күштерін шығаруды бұйырамын», - деп мәлім етті мемлекет басшысы дүйсенбі күні кешке сыртқы істер министрі Сергей Лавров және қорғаныс министрі Сергей Шойгумен өткен кездесу барысында.
Владимир Путин Тартус пен Хмеймим әуе базасындағы ресейлік пунктер қалыпты режимде жұмысын жалғастыра беруі тиіс екенін айтты.
Сирияның текетірес аймағынан Ресей әскерін шығару туралы шешім Мәскеу мен Дамаскі арасында келісілді, деп мәлім етті РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
«Сириялық әріптестеріміз президенттің айтқандарынан (Лавров және Шойгумен өткен кездесуде) хабардар және мұның барлығы Башар Асадпен келісілді», - деді Песков.
Өз кезегінде Сирия басшысы Асад Ресейге лаңкестікке қарсы күресте көрсетіп жатқан көмегі мен гуманитарлық жәрдем үшін алғыс айтты.
Дереккөз: bnews.kz