Атырау қаласының әкімдігі жас отбасылар үшін тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштерді қабылдау басталғандығын хабарлады.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын» жүзеге асыру шеңберінде қалалық ТКШ бөлімі баспанаға мұқтаж жас отбасылардан өтініштер мен құжаттар қабылдауды бастайды. Бағдарламаға өтініш берген сәтте екеуі де 29 жасқа толмаған, кемінде екі жыл некеде болған жас отбасылар, сондай-ақ балаларды (баланы) 29 жасқа толмаған, оның ішінде ажырасқан, жесір (тұл ер) ата-ананың біреуі тәрбиелеп отырған толық емес отбасының қатысуға құқығы бар.
Әңгіме жалға алу арқылы кейіннен Нұрсая ықшамауданы, №91 үйді (45 пәтер, соның ішінде бір бөлмелі бес пәтер, екі бөлмелі 15 пәтер және үш бөлмелі 25 пәтер) сатып алу туралы болып отыр.
Құжаттарды тек екі күн – 2016 жылдың 15 және 16 наурызында қабылдайды. Бағдарлама шарттарына сәйкес, үміткерлерден өтініштер мен құжаттар www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы арқылы электронды түрде қабылданады. Толық талаптар мен қажетті құжаттар тізімін Атырау қаласы әкімдігінің http://atyrau.gov.kz/index.php/ru/akimaty/akimat-atyrau/ob-yavlenie парағынан қарауға болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ