4 наурызда Атырау төрінде қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсыноваға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Реннесанс» қонақ үйінің алдына халық көп жиналды: облысымыз бен республикаға танымал адамдар мен ақын талантына бас июшілер. Ескерткішті салтанатты ашу қоғам қайраткері, еңбек ардагері Меллят САБИРОВА мен облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ бұйырды. Ашылу салтанатында ақын сөздеріне жазылған әндер орындалып жатты.
Жиналғандар арасынан белгілі драматург Рахымжан ОТАРБАЕВ сөз сөйледі:
- Күні кеше Атырауда қазақтың ақыны Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш орнатылса, бүгін Фариза Оңғарсынованың ескерткіші ашылуда. Осы шаруаның басы-қасында жүрген облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов пен оның орынбасары Шыңғыс Мұқанға алғыс білдіремін... Бүгін ақын қыз Ақ Жайығына қайта оралды.
Одан кейін ақынның ұлы Айбар ОҢҒАРСЫНОВ пен сіңлісі Алмагүл ОҢҒАРСЫНОВА сөз алып, алғыстарын білдірді.
Ескерткіш авторы – белгілі мүсінші Мұрат МАНСУРОВ. Оның айтуынша, граниттен жасалған тұғырдың биіктігі 5 метрді, ал, қоладан құйылған үш тонналық ескерткіштің биіктігі 4 метрді құраған.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор