Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 24 ақпанда Атырау – Индер көлік жолында Атырау облыстық ІІД жергілікті полициясының қызметкерлері ілеспе құжаттарсыз екі центнерден астам сазан әкеле жатқан «Лада-Ларгус» көлігін тоқтатады. Ал жүргізушісі ұсталған кезде «Это вы меня избили!» деп айқайлап, бірнеше рет өз бетін жұдырықтап соққан («Балық, «соққыға жығу» және бейнежазба»).
Осынау жантүршігерлік көріністі «Жетон» қызметтік бейнетіркегіші анық түсіріп алған. Сондықтан «зардап шегушінің» арызы бойынша қызметтік тергеу жүргізген ІІД ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері көп жұмыстанбады.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА хабарлағандай, ішкі қауіпсіздік басқармасы полицейлер әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан тергеу ісін тоқтатты. Жүргізуші - Қостанай облысының 36 жастағы тұрғынына қатысты ҚР ҚК-нің 419-бабы («Көрiнеу жалған сөз жеткiзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
Мұрат СҰЛТАНҒГАЛИЕВ