1 наурыз бен 1 сәуір аралығында облыс шеңберіндегі республикалық маңыздағы көлік жолдарында дара осі 8 тоннадан жоғары салмақтағы көлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілген.
– Осы кезеңде рұқсат етілген жалпы салмақ пен оське түсетін жүктеме 20 пайызға төмендету арқылы анықталады. Мәселен, әдеттегі уақытта үш осьті жүк көлігінің салмағы 25 тоннадан, екі скатты дөңгелегі бар қосарланған осьтер үшін жүктеме – 16,5 тоннадан аспауы тиіс. Ал уақытша шектеу кезінде ол үшін рұқсат етілген салмақ 20 тонна, ось жүктемесі – 13,2 тонна болады, - деп түсіндірді Атырау облыстық көліктік бақылау инспекциясының автокөлік бөлімінің бастығы Аманжол ҚАБДЕШЕВ.
Осы кезеңде арнайы рұқсаттың негізінде ауыр салмақтағы және ірі габаритті жүктерді тасымалдауға болады. Ол Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ресімделеді. Арнайы рұқсатта көрсетілген салмақты бұзу – артық тиелген жүкке байланысты 100-ден 1000 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұлмен жазаланады.
Уақытша шектеулер жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын; ТЖ зардаптарын жою және алдын алу шараларын жүзеге асыратын; азық-түліктерді, жолаушыларды, дәрі-дәрмектерді тасымалдаушы; жол-құрылыс жұмыстарын жүзеге асырушы автокөлік құралдарына қолданылмайды.
Инспекторлар облыс жолдарын үш көшпелі көлік бақылау қосындарында тексеретін болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ