15 қаңтарда Ұлттық лиганың ерлер командалары арасында баскетболдан ел чемпионаты басталды. Алғаш күннен-ақ сенсация орын алды – облыстық «Атырау Барыстары» командасы соңғы жылдардағы ел чемпионы «Астанамен» өз алаңында болған екі ойында да жеңіске жетті (99:78, 104:87). Біз «Барыстардың» бас бапкері Олег КИСЕЛЕВПЕН (суретте) сұхбаттастық.
ПИТЕР, ТУЛА, САМАРАДА ОЙНАДЫМ
- Олег Валерьевич, сіз бас бапкер лауазымына өткен жылдың мамыр айында тағайындалдыңыз. Бұл біздің алғашқы кездесуіміз. Өзіңіз туралы айтыңызшы.
- Жасым 37-де, Алматыда туғанмын. Баскетболмен 11 жасымнан бастап сол кезде бүкіл КСРО-ға танымал «СКА» (Алматы) баскетбол клубында шұғылдана бастадым. 1994 жылы жаттықтырушым Олег Киммен және басқа да спортшылармен бірге Самараға көшіп, жергілікті «ЦСКА ВВС» клубында ойнадым. Сол жылы Ресей жасөспірімдер құрамасында алғашқы ойындарымды өткіздім. Екі жылдан кейін Ресей құрамасының сапында Еуропа чемпионатында өнер көрсеттім. «Арсенал» (Тула), «Евраз» (Екатеринбург), «Спартак» (Санкт-Петербург), «Нижний Новгород», «Самара» командаларының намысын қорғадым. «Самарамен» бірге екі рет Ресей Суперлигасының қола жүлдегері атандым.
30 жасымда спорттық карьерамды аяқтап, Алматыға оралып, жергілікті баскетбол клубын жаттықтырып, сол жылы ҚР Ұлттық лигасының «қоласын» иелендік.
Содан кейін бес жыл бойы «Каспий» (Ақтау) командасын басқардым және осы командамен де ҚР Ұлттық лигасы чемпионатының үш рет қола жүлдегері атандық. 2015 жылғы қаңтарда «Атырау Барыстары» баскетбол академиясында балалар жаттықтырушысы болып жұмыс жасауға ұсыныс келді. Өткен жылдың мамыр айынан бастап клуб басшылығының шешімімен негізгі команданы қабылдадым.
ЖЕҢІЛМЕГЕНДЕРДІ ЖЕҢДІК
- Осы маусымға құрамды қандай принциптерге сүйеніп жинадыңыз?
Жалғас Нұрғалиев - Ойыншыларды «Атырау Барыстары» директоры Болат Мұхамбетқалиев екеуміз іріктедік. Чемпионат финалына жете алатындай команда жинадық.
«Барыстар» өткен жылы Жоғары лигада өнер көрсетті. Командада Тимур Манабаев, Қадыржан Ғұбашев, Жалғас Нұрғалиев сияқты жергілікті ойыншылар қалды. Жоғары лиганың «алтынын» ұтып, Ұлттық лига финалына шығу мүмкіндігін алдық, алайда өтпелі матчтар сериясында «Каспийден» ұтылдық.
Осы маусымға ойыншылар жинағанда бұрын «Барыстарда» ойнаған сенімді спортшыларға үміт арттық. Бұлар - Михаил Евстигнеев, Павел Михеев (екеуі де өткен маусымда «Алматы легионында» ойнады), Дмитрий Климов ( «Астанадан» келді), Дмитрий Гаврилов ( «Қапшағайдан» келді). Командаға легионерлер ретінде Райан Кук («Каспий») пен Майкл Бурвелді (Балтық баскетбол лигасында ойнаған) алдық. Негізгі құрамға бұрынғы команда капитаны, жергілікті ойыншы Рүстем Төлеу оралды.
Ұлттық лигаға қосылу үшін өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында «Барыстар» 11 іріктеу матчын өткізді. Жігіттер қойылған мақсатты орындап, барлық матчта да жеңіске жетті.
26-27 қаңтарда «Барыстар» Ақтауда «Каспийге» қарсы чемпионаттың алғашқы екі матчын өткізді. Бірінші ойында 100:72 есебімен ұтып, екіншіде 65:68 есебімен ұтылып қалды. Жігіттер бірінші ойыннан кейін босаңсып, қарсыласты дұрыс бағаламады деп ойлаймын. Әрі қарай команда осы қателіктерімен жұмыс жасап, мұндай олқылықтар жібермеді.
Қадыржан Ғұбашев Атырауда «Қапшағай» баскетбол командасын қабылдап, 95:65 және 92:64 есебімен жеңіске жеттік. Содан кейін «Астана» клубын жеңдік.
«Астана» - Қазақстанның ең мықты клубы, олар бізге дейін тек 2013 жылы «Каспийден» бір-ақ рет жеңілген.
Ұлттық лиганың тұрақты чемпионаты наурыздың ортасында аяқталады. Содан кейін плейофф ойындары басталады. Тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орын иегері төртінші орынмен, екінші орын алған команда үшінші орын алған ұжыммен күш сынасады. Әр жұптағы ойын командалардың бірінің үш жеңісіне дейін созылады. Біз турнир кестесіндегі көшбасшылық орнымызды сақтау үшін барлық ойындарда жеңіске жетуге тырысамыз. Әзірге бірінші орынды ұстап тұрмыз.
«ШЕБЕР ЛЕГИОНЕРДІ КҮТІП ОТЫРМЫЗ»
- «Барыстардың» Балтық баскетбол лигасында көрсеткен нәтижелері қандай?
- Бұл лигада біз тұрақты чемпионаттың 12 ойынын өткізіп, плейоффқа шықтық, алайда 1/8 финалда эстондық «Тарту Рок» командасынан екі ойында ұтылып қалдық. Қазір екі турнир – Ұлттық лига чемпионаты мен 6 наурызда басталатын ҚР Кубогына қатысамыз деп шештік.
Ең бастысы, Кубокта легионерсіз ойналады. Біз өзіміздің жергілікті ойыншыларды сынаймыз және басқа клубтардың өсіп келе жатқан жастарын караймыз. Айналым жүйесінде төрт ойын ойнаймыз. Жеңімпаз ұпай есептеу арқылы анықталады. Мұндай ереже бірінші рет енгізіліп отыр. Бұрын Кубокта жеңілген команда ұшып кететін еді.
- Құрамды күшейтуді ойластырдыңыздар ма?
- Қазір бір шетелдік ойыншымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Атын әзірге айта алмаймын, алайда өте білікті ойыншы. Жақында болатын ойындарда көресіздер.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ