2015-2016 жылдардағы мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы мен тұрақсыздығы Қазақстанның ішкі мұнай нарығындағы баға қалыптастыру процесін қиындатып жіберді. Әңгіме негізінен «ҚазМұнайгаз» Ұлттық компаниясы (ҚМГ ҰК) бекітетін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» (ҚМГ БӨ) Акционерлік қоғамының Атырау МӨЗ мен павлодарлық МХЗ-на жеткізетін мұнай құны туралы болып отыр.
Мұнай жеткізу құнының еліміздің жанармай құю бекеттеріндегі отын құнына тікелей әсер ететіндігі түсінікті. Қазір таяу айлардағы көмірсутектердің құнын алдын ала ешкім айта алмайтын жағдайда қазақстандық өңдеушілер үшін 2016 жылғы шикізат бағасы туралы қарқынды келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» өзінің баспасөз релизінде алдымен өткен жылғы бағалардың қалай өзгергенін хабарлайды: «2015 жылдың ішінде «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ (ҚМГ ҚМ) орташа есеппен жылына АМӨЗ-де тоннасына 21 228 теңге, ал ПМХЗ-ында тоннасына 31 923 теңге көлемінде төлем жасап келді. Аталған ішкі нарыққа жеткізу бағалары ҚМГ БӨ тәуелсіз директорлармен келісілген жоқ. ҚМГ БӨ мен ҚМГ ҰК/ҚМГ ҚМ менеджменті арасындағы ұзаққа созылған келіссіздердің нәтижесінде 2015 жылы ішкі нарыққа жеткізу бағасын АМӨЗ және ПМХЗ-де тоннасына 37 000 теңге көлемінде белгілеуге қол жеткізілді. Аталған баға ҚМГ БӨ ІРО-ға шыққан кезде қол қойылған ҚМГ БӨ мен ҚМГ ҰК арасындағы өзара қарым-қатынас туралы келісімшарттың талаптарына сәйкес, өзіндік құн плюс 3 пайыз көлеміндегі есептік деңгейге мейлінше жақындастырылған».
Әрі қарай, «қазіргі таңда ҚМГ БӨ менеджменті мейлінше тиімді шешімге қол жеткізу мақсатында 2016 жылы ішкі нарыққа жеткізу шарттары бойынша ҚМГ ҚМ келіссөздер жүргізуде. 2016 жылы ҚМГ БӨ-нің ішкі нарыққа жеткізу көлемі бюджетке сәйкес 2,4 млн тоннаны құрайды. ҚМГ БӨ бюджетінде 2016 жылы ішкі нарыққа сату бағасы АМӨЗ-де тоннасына 17 100 теңге, ал ПМХЗ-де тоннасына 28 802 теңге көлемінде белгіленген. Аталған 2016 жылға арналған бағаны Компанияның тәуелсіз директорлары мақұлдамады (ҚМГ БӨ-ні меңзеп отыр)...
Компанияның және ҚМГ ҰК тәуелсіз директорлары Өзара қарым қатынас келісімшартына өзгерістер енгізу туралы ҚМГ ҰК ұсыныстары жөнінде келіссөздерді жалғастыруда. Аталған келіссөздер аяқталған соң, Компания тиісті мәлімдеме жасайды» делінген.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА