Украинадан Қазақстанға тауарларды енді Белорусь-Ресей шекарасы арқылы өткізу керек. Бұл туралы кәсіпкерлерге Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының басшысы Асқар СӘРСЕКЕНОВ ескертті.
Ресейде Ресей аумағына Украинадан әкелінетін тауарларды әкелуге тыйым салынатын РФ президентінің жарлығы күшіне енді. Енді Украинадан Қазақстанға импортталатын тауарлар Белорусь-Ресей шекарасына бес пункт арқылы әкелінуі тиіс. Әрі қарай Ресей аумағы арқылы бұл жүктерді міндетті түрде алып жүруі тиіс. Мұнда 100 шақырым жол үшін төлемақы шамамен үш мың Ресей рублін құрайды. Бұл шығындарды сатып алушы тарап өз мойнына алуы тиіс.
– Украинадан әкелінетін тауарларды кедендік тексеру үшін қазақстандық тараптан үш өткізу қосыны белгіленген: Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» көлік пункті, Қостанай облысындағы «Қайрақ» көлік пункті және теміржол – Оралдағы «Жайық» станциясы, - дейді Сәрсекенов.
Бүгінгі күні ҚР мен Украина арасында көлік және теміржол көліктері арқылы жеткізілетін тауарларға арналған басқа бағыттарды пайдалану мәселесі жасақталуда. Атап айтқанда, «Украина – Грузия – Әзірбайжан – Қазақстан» бағыты. Теміржол тасымалы арқылы тарифтерді төмендету мүмкіндігі талқылануда.
Украинадан Қазақстанға негізінен өнеркәсіптік жабдықтар, тұрбалар мен кабельдер әкелінеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА