Фото: 365news.bizЕуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру Тұжырымдамасын мақұлдады, деп хабарлайды комиссияның баспасөз қызметінен.
Келісімге сәйкес, ЕАЭО-ның ортақ газ нарығын қалыптастыру мақсатында 2016 жылы тиісті Тұжырымдаманы әзірлеп, бекіту қарастырылған, ал 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін Одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру бойынша бағдарламаны даярлау көзделген.
Кейіннен Одақ елдері ЕАЭО-ның ортақ газ нарығын құру туралы халықаралық келісімді бекітеді және 2025 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мерзімде оның күшіне енуін қамтамасыз етеді.
«Шын мәнінде аталған Тұжырымдама маңызды шешім болды, себебі табиғи газ секілді ерекше тауармен бәсекелес нарыққа шығуды және сауданың нарықтық ұстанымдарын біз алғаш жүзеге асыратын боламыз. Әсіресе, Тұжырымдама ережелерімен газ нарығының негізгі ойыншылары мен реттеушілерінің келісуі өте маңызды», - деді ЕЭК-тің Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Данил Ибраев Тұжырымдама жобасын таныстыру кезінде.
Құжатты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес бекіткеннен кейін оның негізінде ортақ газ нарығын қалыптастырудың бағдарламасы әзірленеді. Осы тұрғыда 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ауқымды шараларды іске асыру қарастырылған. Оның ішінде ЕАЭО елдерінде толық биржалық нарықтарды құру; биржалық сауданы ұйымдастыру бойынша қанатқақты жобаларды жүзеге асыру; өзара сауданың ережелерін әзірлеу; нарықтың қатысушылары арасында ақпараттық алмасудың жүйесін құру қамтылған.
«Ортақ газ нарығы Одақ аумағында газдың еркін жылжуын, газ тасымалы инфрақұрылымына қолжетімділікті, газ бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз етуді, экономикалар мен халықты газбен үздіксіз қамту, елдердегі халықты газбен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға негізделген. Бұл өз кезегінде тікелей индустрияландыру үдерістеріне және газды пайдаланудың өнеркәсіптік позицияларының жақсаруына ықпал етеді. Яғни, осы шаралар нақты сектордың өсімі үшін өте маңызды», - деді ЕЭК министр.
Алдын ала болжам бойынша ЕАЭО-ның ортақ газ нарығын құру нәтижесінде бес жылда оның әсері 5 млрд. долларға бағаланып отыр. Еуразиялық кеңістікте аталған Тұжырымдама ортақ газ нарығын қалыптастыру үшін құқықтық негізді қалайтын бірінші құжат болып табылады.
Дереккөз: inform.kz