Таяуда мектеп бағдарламасында жаңа дінтану пәні пайда болмақ. Ата-аналардың көбі балаларына не нәрсе оқытады екен деп елеңдеп қалды. Жаңа пән қалыптаспаған жасөспірімнің түйсігіне әсер етіп жүрмей ме деген қауіптері бар. Осындай сұрақты осы мәселемен айналысатын барлық инстанцияларға қойған едік.
Облыстық білім беру бөлімінің орта және мектептегі білім беру бөлімінің бастығы Алмагүл ҚАЙЫРЛИЕВАНЫҢайтуынша, «дінтану» пәнін енгізу әрекеті өткен жылдың бірінші жарты жылдығында орын алған еді. Рас, ол сәтсіз аяқталды. Мектептерде бірнеше сабақтар өткізілгеннен кейін тәжірибелі деген мұғалімнің өзіне нақты оқу бағдарламасынсыз және арнайы дайындықсыз қиынға тиетіні айқын болды. Енді, барлық оқу құралдары мен білім алынғаннан кейін екінші жартыжылдықтан бастап оқу бағдарламасына пән міндетті түрде енетін болады. Дінтану курсы факультативті болады және оған баға қойылмайды. Осы пәнді оқытуға барлығы отыз төрт сағат бөлінбек.
Жаңа пәннің мәнісі қандай? Мәселен, мұсылманға Інжілдің, христианға Құранның мазмұны туралы айту ма? Қасиетті кітаптардың ешбірін төмендетпеу ме? Осындай сұрақтарды облыстық біліктілікті көтеру институтының әдіскері Бақтылы БЕГЕБАЕВАҒА қойған едік. «Белгілі бір діннің шынайылығын ешкім де бағаламайтын болады,- дейді Бақтылы Насырбайқызы. – Құран, Інжіл және басқа қасиетті дін кітаптары осы сабақтарда тарихи ескерткіштер ретінде, адамзат мәдениетінің жаратылысы ретінде оқытылатын болады».
Шынымен де, зайырлы мектептің міндеті – белгілі бір дінге баға беру емес, оны оқыту. Дінтану бойынша оқу құралының тақырыптары мынадай боп келеді: «Қазіргі заманғы Қазақстан аумағындағы исламға дейінгі дәуір», «Ислам және христиан діни орталықтарының қызметтері», «Төзімділік, діни экстремизмнің алдын алу» және т.б.
Әрине, бұл жерде мұғалім де үлкен рөл ойнайды. Ол тақырыпқа қанық, басты діндердің негіздерін, діни ескерткіштердің мәтіндерін білуі тиіс. Бастысы, осы пәндегі әділетсіз көзқарастың, сыңаржақтықтың, асыра сілтеудің қайғылы салдарға апарып соғуы мүмкін екендігін есте ұстауы қажет.
Ал енді бұл пәнді кім оқытпақ? Қалалық әкімдіктің орта және мектептегі білім беру бөлімінде курсты гуманитар мұғалімдердің оқытатындығын нақтылап отыр.
Атырау қаласындағы техникалық гимназияның тарих пәнінің мұғалімі, психолог, енді дінтану пәнінің мұғалімі Светлана БАЙРАМОВА өткен жылы Авангардта орналасқан облыстық мұғалімдер жетілдіру институтында дінтану бойынша арнайы курстар ашылғанын әңгімеледі. Алматыдағы жетекші оқытушылар біздің мұғалімдерге осы пәнді оқушыларға қалай дұрыс оқыту керектігін түсіндіріп, тақырыптық дискілермен, кітаптармен, буклеттермен жабдықтады. Курсты аяқтағандар сертификаттар алды. Осынау құжатсыз балаларға дінтану пәнін оқытуға болмайды.
Жаңа пәнге мешіт пен шіркеу қандай көзқараста болған екен? Өз комментарийлерінде дін қызметкерлері пәннің уақытында енгізіліп отырғанын растады. Балалар шынайы, дәстүрлі діндерді секталардан, басқа да күмәнді бірлестіктерден айыра алулары тиіс. Жаңа білім де ешкімге зиянын тигізген емес. Өйткені дін – дүниежүзілік мәдениеттің ажырамас бөлігі.
Анастасия ПАСТУХОВА