«Атырау» футбол командасына кезекті жаңа жаттықтырушы ұсынылды. Ол әзірбайжандық маман Рамиз МАМЕДОВ.
Бізге клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, 44 жастағы Мамедов облыс әкімі Бергей Рысқалиевпен оңаша кеңескеннен кейін екінші қаңтарда команданы басқаруға кіріскен. Соңғы үш жыл ішінде оның әзірбайжандық «Габала» командасына басшылық еткені белгілі. «Атыраудың» жаңа жаттықтырушысының есімі 2003 жылы мансабын аяқтаған Ресейдің құрама командасының қорғаушы ойыншысымен аттас. Оның да есімі Рамиз Мамедов, оның жасы 38-де. Сондықтан да интернеттегі спорттық ресурстарда мүлдем басқа екі түрлі адамның спорттық мансабы туралы мәліметтер шатастырып жазылған. Осы мәселеге қатысты Мамедовтің өзі Түркиядан оралған соң түсіндіре жатар деп үміттенеміз. Өйткені команда 4-ші қаңтарға қараған түні алғашқы оқу-жаттығу жиынына ұшып кеткен болатын.
Қазіргі кезде «Атырау» қатарына алыну үшін бірқатар жаңа ойыншылар үміткер болып отыр. Бұлар Данияр Кенжеханов («Оқжетпес»), Виктор Ковалев («Жетісу»), Евгений Левин мен Мардан Төлебек («Ордабасы»), Егор Азовский («Қайсар»), сондай-ақ өткен маусымда «Ақтөбе» футбол командасы үшін ойнаған біздің Денис Родионов.
Атырауға ұшар алдында Рамиз Мамедов отанында сұхбат беріп үлгеріпті. Атап айтқанда, ол былай деп мәлімдеген: «Мен команданы Еуропа лигасына шығарғым келеді. Бастысы, еурокубокқа жетсек екен, ал қалған трансферлік шаруаларды өзім реттеймін. Көмекшілерім де әзірбайжандықтар, бірақ олардың есімдерін әзірге атағым келмейді».
Лев ГУЗИКОВ