ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі Қайрат Келімбетовтің қызметінен кеткені туралы ақпаратты растаған жоқ, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ұлттық банк қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов қазіргі таңда Астанада өтіп жатқан Үкіметтің экономикалық саясат жөніндегі кеңесінің отырысына қатысуда", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, Қайрат Келімбетов 2013 жылы 1 қазанда Ұлттық банктің төрағасы болып тағайындалған еді. Оған дейінгі төраға Григорий Марченко өзінің өтінішімен отбасылық жағдайларға байланысты қызметінен кеткен болатын. Бұрын Келімбетов "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазына" Тұрақты даму қоры" мемлекеттік холдингінің басқарма төрағасы және президент әкімшілігінің басшысы болды. Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорын" басқарды. 2011 жылы сауда және экономикалық даму министрі болып тағайындалды, ал 2012 жылы ҚР премьер-министрінің орынбасары болды.
Келімбетов Ұлттық банкке келгеннен кейін 2014 жылы ақпанда доллардың бағамы 150-ден 180 теңгеге көтерілді.
Дереккөз/фото: tengrinews.kz