Атырау, 27 қараша 15:42
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Алматыдағы селдің салдары: 55 адам қонақ үйге орналастырылды

2 736 просмотра

Image 0Алматыдағы селге байланысты эвакуацияланғандардың 55-і қонақ үйге орналастырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Зардап шеккендерді қабылдайтын бекеттерде (№176 орта мектеп, Наурызбай ауданының әкімдігі, Алғабас ықшамауданындағы №185 мектеп) адамдар медициналық және психологиялық көмекпен және ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен қатар, эвакуацияланған адамдардың 55-ін төрт қонақ үйге орналастыру жұмыстары ұйымдастырылды", - делінген хабарламада.

Алматыда селдің салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр, атап айтқанда Қарғалы өзенінің аңғарын тазарту және қалыпқа келтіру-тазалау жұмыстары қолға алынды.

Апаттық-құтқару шаралары барысында №192 мектептің жертөлесінен 40 шаршы метрден аса су сорылды. ТЖ жөніндегі Комитеттің аумақтық бөлімшелерімен 25 ауланың аумағы тазартылды, екі бас ірі қара мал құтқарылып, төрт жеке автокөлік су басқан учаскелерден эвакуацияланды.

Апат медицинасы мен жедел медициналық көмек орталығының алты бригадасы кезекшілігін жалғастырып, дәрігерлер мен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Тонаушылыққа жол бермеу мақсатында Ұлттық ұлан күшімен Наурызбай ауданында патрульдеу іске асырылды.

Селдің салдарынан Наурызбай мен Алатау аудандарында 127 жеке үйді, "Смак" зауытының аумағы мен ұңғыманы су басты.

Жеті көпір қирап, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар бұзылды, олардың үшеуі халықтың жүріп-тұруына кедергі келтірді, тағы үшеуінде айналма жол бар, бір көпір апатты жағдайда тұр, оның іргетасы шайылған, құлап қалу қаупі бар. Электр өткізу желісінің 27 тіреуішін су шайып, 3000 абонент жарықсыз қалды. Жарықты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Апаттық-құтқару жұмыстарына барлығы 1748 адам, 308 бірлік техника мен үш тікұшақ жұмылдырылды.

Еске сала кетейік, Алматыдағы сел 23 шілде күні түнгі сағат 03.00 шамасында жүрді. Қарғалы өзенінің су деңгейі көтерілгендіктен Қарғайлы және Таусамалы ықшамдаудандарын ішінара су басты. Селдің салдарынан Әуезов, Наурызбай және Алатау аудандары зардап шекті. Соңғы мәліметтер бойынша, алты адам ауруханаға жатқызылып, 78 адамға медициналық көмек көрсетілді. Барлығы 1036 адам эвакуацияланды, олардың арасында 51 бала бар.

Дереккөз: tengrinews.kz

24 шілде 2015, 16:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.