Өртке қарсы қызметтің прапорщигі Асылбек ОРАЗБАЕВ өрттен он алты адамды құтқарып қалыпты. Бір жыл өткеннен кейін сол кездегі есте қалған оқиғадан соң қаһарман жігіт марапатқа ие болды.
«Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі баспасөз қызметінің бас маманы Жанар ҚАРЖАУБАЕВАНЫҢайтуынша, Асылбек өртке қарсы қызметке әскери борышын өтеп келгеннен кейін орналасқан екен. Осы 12 жыл ішінде қаладағы №1 өртпен күрес бөлімшесінің командирі, прапорщик дәрежесіне жеткен. Оразбаев осы жылдар ішінде көптеген күрделі өрттерді сөндіруге қатысып, ондаған адамның өмірін сақтап қалған.
2009 жылдың 31 қаңтарында сағат 05.35-те «Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметі» ММ Жедел басқару орталығына Авангард ықшамауданындағы облыстық аурухананың бас корпусындағы өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түскен. Өрт болған жерге келген екінші бөлімшенің командирі Оразбаев басшылықтан құтқару жұмыстарына кірісу керектігі жөнінде бұйрық алады. Өрт тұтану ошағы медицина мекемесінің бірінші қабатында болған, қою түтін науқастар мен медицина қызметкерлерінің шығу жолдарын бітеп тастаған екен.
Үшбунақты баспалдақ арқылы өрт сөндірушілер екінші қабаттың терезесінен түскен. Палаталардың бірінен прапорщик төрт науқасты тауып, оларды сол баспалдақтың бойымен түсіріп алып шыққан. Екінші қабаттан 9 адамды құтқарған. Үшінші қабаттан (травматология бөлімшесі) тағы жеті пациентті арқанның және автобаспалдақтың көмегімен алып шыққан. Бөлімше командирі барлығы 16 адамды құтқарып қалады, олардың ішінде қозғала алмайтын ауыр науқастар да бар еді.
Жүректілік, батылдық, кәсіби біліктілік көрсеткені үшін Тәуелсіздік күні қарсаңында прапорщик Асылбек Оразбаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты – «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Лев ГУЗИКОВ