Талғат ЕРМЕГИЯЕВ. Фотосурет: kazpravda.kz12 маусымда Астана қаласы Алматы аудандық №2-соты "Астана EXPO-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма бастығы Талғат ЕРМЕГИЯЕВТЫ "үйқамаққа алу" бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарды.
Біздің дереккөз ұсынған мәліметтерге сәйкес, ҚР ҚК-нің 176-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету") бойынша күдікті Ермегияев 2 айға үйқамаққа алынды.
Салынған қамауға алу жазасына сәйкес, күдіктіге медицина мекемесіне барудан басқа баспанасын тастап кетуге; кез-келген байланыс құралын пайдалануға; ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ТЖТ (тергеу-жедел тобы) қызметкерлерінен басқа кез-келген тұлғалармен, қорғаушылармен және жақын туыстарынан өзге адамдармен байланыс жасауға тыйым салынады.
Естеріңізге салсам, Ермегияев 11 маусымда президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен лауазымынан босатылды. Оның орнына Астананың қазіргі әкімі Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ келіп, екі лауазымды қатар атқаратын болады.
46 жастағы Ермегияев түрлі жылдарда ҚР туризм және спорт вице-министрі, Туризм және спорт министрі, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2013 жылдың қаңтарында «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы» басқармасының төрағасы болып тағайындалды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА