Асқарбек Нәбиев "БТА Банк" АҚ басқармасының төрағасы болып тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қаржы ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"БТА Банкі" директорлар кеңесі басқарма төрағасы Мағжан Әуезовтің өкілеттігін 2015 жылдың 30 наурызынан бастап мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Ал 2015 жылдың 8 сәуірінен бастап 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін Асқарбек Нәбиев банктің басқарма төрағасы болып тағайындалды. Сонымен қатар, банктегілер "басқарушы директор - басқарма мүшесі Қайыржан Мимикеновтің өкілеттігі өзінің бастамасы бойынша 2015 жылдың 1 мамырынан бастап мерзімінен бұрын тоқтату" туралы шешімнің қабылданғанын хабарлады.
Айта кетейік, Асқарбек Нәбиев - Қазақ мемлекеттік басқару академиясының түлегі, экономист. Ол 1997 жылы Қазкоммерцбанктің экономикалық анализ басқармасына келіп, кейін департаментке ауыстырылды. 2002 жылдан бастап қаржылық бақылау департаментінің директоры болды.
Еске сала кетейік, 31 наурызда Алматыда журналистермен кездескен Қазком басқармасының төрағасы Мағжан Әуезов БТА Банкі шоттарының 2015 жылдың ортасына қарай "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қабылданғаннан кейін Қазкомға беріле бастайтынын хабарлады. Сонымен қатар, Әуезов "БТА Банк" АҚ басқармасының жаңа төрағалығына Асқарбек Нәбиевті ұсынатынын айтты.
Дереккөз: tengrinews.kz