Жаңа жылды таза ауада қарсы алғысы келетіндердің қатары жыл сайын артып барады. Әдетте 31 желтоқсанда ел жаппай Исатай-Махамбет алаңына ағылады. Бірақ онда бұл жолы қандай қызық болады екен?
Әдеттегідей жергілікті билік алаңда жергілікті шығармашылық топтардың қатысуымен мәдени жиын өткізеді. Жаппай көңіл көтеру түн ортасында атылатын отшашулармен аяқталады. Қалалық әкімшіліктегілер алаңда қыдырып жүргендер мерекелік бағдарламаны көшедегі теледидардан тамашалай алатындығын айтады.
Балалар үшін 1-7 қаңтар арасында «Құрманғазы» мәдениет үйінде жаңажылдық кештер өтеді. Кіру билеті 2300 теңге, бірақ бұған маған түсіндіргендей, «Жалмауыз кемпірдің жаңа жылдық құйтырқылары» атты спектакль көру де кіреді екен. Ал сыйлықсыз билет құны -1000 теңге.
Сондай-ақ ата-аналар балаларын «Ренессанс –Атырау» қонақ-үйі және басқа да қаладағы сауда-ойын-сауық орталықтары ұсынып отырған шырша мерекелеріне апаруына да болады. Жаңажылдық каникулдар балалардың сүйікті сырғанақтарынсыз өтетіні өкінішті. Мұз айдындар жасауды алғашқы аязға дейін қалдырыпты.
3-4 қаңтарда «Құрманғазы» сарайында мүгедек балаларға арналған шырша мерекесі болады.
Балалар үйі тәрбиеленушілері үшін қуанышты жаңалық бар. Қала әкімі бастамасымен «Funky Town» ойын-сауық бағы «Балаларға қуаныш пен шаттық сыйлайық» жобасын бастайды. Қала әкімі баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, бүгін сағат 11.00-де «Атаба» сауда-ойын-сауық орталығында «Ақ Бота» балалар үйінің 94 және «Шаңырақтың» 50 тәрбиеленушісі ойын автоматтарында ойнап, 3D кинотеатрында фильм қарау үшін 5000 теңге балансы бар кәртішкелер алады.
«Бұл бір рет қана өтетін акция емес. Ол енді жетім балалар үшін ай сайын өткізіліп отыратын болады» дейді баспасөз хатшысы.
Сәуле ТАСБУЛАТОВА