Қазақстан Ресейден дизелдік отын мен бензин тасымалына 45-күндік мерзімге конвенциялық тыйым салады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті.
Вице-министр Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, аталған тыйымды 5 наурыздан бастап енгізу жоспарлануда.
«Бұл ретте айта кетерлігі, біз жыл сайын Ресей Федерациясымен индикативтік балансты келісіп отырамыз, тыйым бір жағынан осыған да байланысты. Ал оған сәйкес, біз баж салығынсыз бұған дейін белгіленген мөлшерде жанар-жағармайда алатын боламыз», - деді М.Мырзағалиев журналистер сұрағына жауап бере келе. Оның айтуына қарағанда, аталған шара Қазақстанда бұған дейінгідей жанар-жағармай тапшылығының қайтара орын алмауына қатысты енгізілмек. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, биыл Қазақстан Ресеймен 1 млн. 100 мың тонна бензин мен 760 мың тонна дизелдік отын алуға келіскен.
«Осыған байланысты жыл басынан бергі екі ай ішінде елімізде жеткілікті жанар-жағармай қоры жинақталды. Тіпті, біз артығымен жинақталған осы қорды тапшылықты болдырмас үшін жыл бойына да жұмсай аламыз. Осылайша, нарықты реттеуге тырысып жатырмыз. Сәйкесінше, тыйым салынғанымен, оның бензин бағасына әсері болмауы тиіс. Тек 45 күннен кейін біз бұл тыйымды алып тастауымыз мүмкін, осылайша жанар-жағармайдың нарығы жыл бойына реттеліп отырады», - деді М. Мырзағалиев.
Дереккөз: ҚазАқпарат