Фото: Қазақпарат СТАНА, 27 ақп – Қазақстан жаңалықтары АА. Талас ауданы Қаратау қаласында ұшырылым уақытында Eurocopter ЕС 130 тікұшағы құлады, деп хабарлады Қазақпарат агенттігі Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«27 ақпанда сағат 12.20-да Жамбыл облысы ТЖД жедел кезекші пультіне «Қазаэронавигация» РМК Бриффинг-Тараз тобының диспетчерінен хабарлама келіп түсті, онда Жамбыл облысында 27 ақпанда сағат 12.05-те «TalasInvestmentCompany» ЖШС-ның цианид натрий өндіретін зауыт аумағындағы тікұшақ алаңында ұшырылым кезінде Eurocopter ЕС 130 тікұшағы құлағаны хабарланды. Экипаж командирі тікұшақты жалғыз өзі басқарған, жолаушылар болмаған, зардап шеккендер жоқ», - делінген ТЖД хабарламасында.
Борт нөмірі ЕЦ-010, бір моторлы жеңіл Eurocopter ЕС 130 тікұшағы «Кама» операторы (ОҚО) «СауТС Ойл» ЖШС-ға тиесілі.
Алдын ала деректер бойынша, апат себебі тікұшақтың басқару жабдығы істен шыққан.
Оқиға орнына Талас ауданының ТЖБ, ӨБ-5 өрт бөлімі, ІІБ жедел тобы келді. Барлығы 16 адам, 5 техника.
Бұл - Жамбыл облысында жыл басынан бастап орын алған екінші оқиға. Еске салсақ, 20 қаңтарда «Шатыркөл» кен орнында АН-2 ұшағы апатқа ұшырап, үш экипаж мүшесі, үш жолаушы қаза тапқан.
Дереккөз: newskaz.kz