Атырау, 26 қараша 21:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

ҚР Президенті сайлауын өткізу жоспары бекітілді

3 268 просмотра

ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізудің жоспарын бекітті. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловқа сілтеме жасап хабарлайды.

"Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау құжаттарының үлгілері мен 2015 жылдың 26 сәуіріне белгіленген ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының дайындығы мен оны өткізу жөніндегі негізгі шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Бұл жоспарға сәйкес, президенттікке кандидаттарды ұсыну осы жылдың 26 ақпанынан басталады және 15 наурызда аяқталады", - деді Тұрғанқұлов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, кандидаттарды ұсынуға белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктер құқылы, сондай-ақ азаматтардың өзін-өзі ұсынуына да болады. "Үміткерлердің үгіт-насихат науқаны осы жылдың 26 наурызынан 24 сәуір күнгі сағат 00.00-ге дейін созылады", - деді Тұрғанқұлов.

Ол Мемлекет басшысы сайлауына жасы 40-тан асқан, туғанынан Қазақстан азаматтығын алған, мемлекеттік тілде сөйлейтін, соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрған азамат түсе алатынын айтты.

Еске сала кетейік, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 26 сәуірде өтетін болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше мәлімдеді. Ол бұл сайлауға өзінің қатысуы туралы шешімді сәл кейінірек қабылдайтынын мәлімдеді.

Сайлау туралы заңда "Президенттiкке кандидат тiркелгенге дейiн және оның Конституция мен осы Конституциялық заң талаптарына сәйкес келуi тексеруден өткеннен кейiн, сондай-ақ оны қолдап жиналған қолдарды тексергеннен кейiн Орталық сайлау комиссиясының есепшотына заңмен белгiленген ең төменгi жалақының елу мәрте мөлшерiнде сайлау жарнасын енгiзедi" делінген. (Биыл ол 1 миллион 68 мың 200 теңге шамасында).

Кандидат сайлау қорытындылары бойынша Республика Президентi болып сайланған немесе кандидат дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемiнде бес процентiн алған жағдайларда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгiзiлген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрiнде енгiзiлген жарна қайтарылмауға тиiс және республикалық бюджет кiрiсiне алынады.

Президенттiкке кандидаттарды тiркеу, егер сайлауды тағайындау кезiнде өзгеше көзделмесе, сайлауға дейiн екi ай бұрын басталады және сайлауға қырық күн қалғанда аяқталады. Кандидатты сайлаушылардың республика облыстарының, республикалық маңызы бар қаласының және астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр пайызы қолдауы тиiс.

Дереккөз: tengrinews.kz

26 ақпан 2015, 15:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.