АСТАНА, 13 ақп – Қазақстан жаңалықтары АА. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова 2014 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды тапсырды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Стипендиялар белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматыда табыс етілді. Рәсімді ашқан Г.Әбдіқалықова қатысушыларды құттықтап, бұл олардың отандық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесіне берілген баға екенін атап өтті.
Стипендиялар жыл сайын мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының құрметтi атақтары мен мемлекеттiк наградаларын иеленген мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ аса дарынды шығармашыл жастарға зор шығармашылық жетістіктері үшін берiледi.
2014 жылдың қорытындысы бойынша отандық мәдениетті дамытуға қосқан маңызды үлесі үшін әдебиет пен өнер саласының 100 қайраткеріне стипендия тағайындалды.
«Президенттік стипендияға ие болғандар қатарында Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Владимир Толоконников, Асанәлі Әшімов, Юрий Померанцев, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Анатолий Молодов және басқалар бар»,-делінген хабарламада.
Сондай-ақ Алан Бөрібаев, Еркебұлан Дайыров, Әйгерім Бекетаева, Жанель Төкеева, Әлия Телебарысова, Қасымхан Бұғыбай және басқа да бірқатар жас дарындар мемлекеттік стипендияға ие болды.
Дереккөз: newskaz.kz