Фото: Қазақстан жаңалықтары ААМұнай бағасы бұдан әрі төмендей берсе, теңге бағамында біртіндеп өзгеріс болады деген болжам бар, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетовке сілтеме жасап.
"Егер мұнай бағасы 50 доллардан төмен түссе, жағымсыздау сценарийлерді жүзеге асырамыз. Ондай жағдайда теңгені ауыстыру бағамында бірқалыпты өзгеріс болады деген болжам бар. Бұл жердегі әңгіме айырбас бағамы дәлізінің кеңеюі арқылы мұнай бағасының төмендеуі мен жылдық орташа баға туралы айтылып отыр", - деп түсіндірді Келімбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистердің сұрағына жауап беріп.
Алайда ол қазіргі таңда ондай алғышарттың жоқ екенін айтты. "Қазіргі таңда макроэкономикалық алғышарттар жоқ, сонымен қатар қазіргі дәліз біздің дәл сол жерде болуымызға мүмкіндік беріп отыр - доллар бүгін 185 теңге тұрады", - деді Келімбетов.
Айта кетейік, 11 ақпан күні Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Келімбетов Қазақстанда бірсәттік девальвация болмайды деп мәлімдеген еді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды теңге бағамының өзгерісі туралы қауесеттерге сенбеуге шақырды. "Бүгін Ұлттық банктің төрағасы бұл мәселелерді шешу үшін барлық шаралар жасалып жатқанын баяндады. Оған сенбеуге негіз жоқ", - деді Мемлекет басшысы.
Дереккөз: tengrinews.kz