Қостанай облысында да лауазымды шенеуніктер ұзақ мерзімге абақтыға жабылды деп хабарлайды КТК арнасы.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс департаментінің басшысы Александр Ён - 9, ал оның орынбасары Елдос Ағытаев енді 7 жылын темір торда өткізуі тиіс. Екеуі де қызметін асыра пайдаланғаны және қылмыстық топ құрғаны үшін жазаға тартылып отыр.
Айыпталушылардың сапында қадағалау және аттестациялау бөлімінің басшысы Қайрат Қасенов пен тағы бір қызметкер бар. Олар кінәларын бірден мойындағандары үшін шартты жазаға кесіліп, дүние-мүліктері тәркіленді.
Департаменттегі былық былтыр жеке кәсіпкердің арызынан кейін әшкереленген болатын. Құлқыны кең шенділер бизнесменнен тілдей қағаз үшін 800 мың теңгедей талап еткен. Тексере келе былыққа бір емес, әкімдіктегі бірнеше бөлім басшыларының қатысы бары анықталды.
Айта кетсек, осы іс бойынша айыпталған тағы бір лауазымды тұлға - заңгер Гүлфарида Тайырбергенова бесінші қабаттағы үйінен секіріп өлген болатын.