Украина Қазақстан халқына елдің оңтүстік-шығысындағы аймақтарға гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді, - деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
«Шексіз алғысымызды жеткізуге асықпыз. Басымызға түскен қиындықты бөліскені үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа, Қазақстан халқына ризашылығымызды білдіреміз. Дәл қазіргідей мұқтаж болып отырғанымызда көрсеткен көмектеріңіз, ауыртпашылықты түсініскендеріңіз үшін рахмет», – дейді Луганск облысы мемлекеттік әкімшілігі басшысының орынбасары Владимир Грицишин.
«Бүгін Украина Қазақстан Республикасынан гуманитарлық көмек алды. Бұл – бізге жасалған ауқымды жәрдем. Соның ішінде, қазір әскери іс-қимылдар жүріп жатқан біздің Донецк, Луганск облыстарына жасалған үлкен көмек. Онда бейбіт адамдар зардап шегіп жатыр. ҚР Президенті Н.Назарбаевқа осындай іске ұйытқы болғаны үшін рахмет айтамын», – деді Луганск облысының мемлекеттік әкімшілігі басшысының орынбасары Ольга Лишик.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Республикасы тарапынан Украинаға 69 727 875 теңгенің азық-түлік өнімдері жөнелтіліп, 10 қаңтар күні қабылданып алынды. Оның ішінде, 127 875 консерві банкісіндегі ет, 40 тонна қант, 36 мың литр өсімдік майы, 150 тонна қара құмық бар.
Гуманитарлық жүкті Луганск облысының Северодонецк қаласында Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызмет өкілдері қабылдап алды.
Дереккөз: Baq.kz