Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
ҚазАқпарат оқырмандарға құттықтаудың толық мәтінін ұсынады.
Қымбатты отандастар!
Православ христиандарды және бүкіл қазақстандықтарды жарқын да ізгі Рождество мерекесімен құттықтаймын!
Екі мың жыл бойы Рождество мерекесі ізгілік пен кешірімділікке, жақсылық пен әділдікке сенімнің символы бола отырып, діндар жамағаттың жүрегін қуаныш пен үмітке толтырып келеді.
Бұл ізгі ойлар мен игілікті қадамдарға бастайтын, көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық жасайтын уақыт. Бұл күндері православ қауымы өзінің жауапты мінәжат дәстүрлерін жалғастыруда. Ол адамдардың сенімін арттырады, рухани қайнарларға бас қоюға үндейді, сөйтіп моральдық қағидалар мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайта түседі.
Православ христиандар елімізде конфессияаралық келісімді, қоғамдық тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға қомақты үлес қосуда.
Бүгінде қазақстандықтар қай дінді ұстанатынына және қай ұлтқа жататынына қарамастан барлық маңызды діни мерекелердің қуанышын бір-бірімен бөлісіп отырады.
Осы жарқын мерекеде барлық діндар жамағатқа денсаулық, рухани күш-қуат, ізгі бастамаларыңызға табыс тілеймін!
Әр үйден бақыт, игілік, тыныштық пен молшылық кетпесін!
Дереккөз: ҚазАқпарат