ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облысы күш құрылымдарының бұрынғы өкілдерінің "Ислам мемлекеті" тобына қосылып, Сирияға кетіп қалғаны туралы ақпаратты тексереді. Бұл туралы ведомствоның Tengrinews.kz сауалына берген жауабында айтылды.
Еске сала кетейік, "Уральская неделя" басылымы Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әскерилері Сириядағы қарулы қақтығыста "Ислам мемлекеті" жағында күресіп жатқанын хабарланған еді. Нақтырақ айтсақ, әңгіме кезіндегі қаржы полициясының бұрынғы бөлім бастығы, облыстық әскери комиссариаттың бұрынғы қызметкері және БҚО ҚАЖ тергеу изоляторының бұрынғы қызметкері жөнінде болып отыр. БАҚ мәліметінше, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Сирияға қашып кеткен бұрынғы қызметкерінің фамилиясы - Қайыржанов. Ол сол уақытта қамауда отырған Қоныс Жетпісовпен байланысқа түсті делінген. Бұл адамдар - дәстүрлі емес исламның жақтаушылары. Басшылықтың байланысқа түсуді тоқтату туралы талабы болғанда Қайыржанов жұмыстан шығып кетеді. Бұдан кейін оның "Ислам мемлекеті" тобына кіргені белгілі болды.
ҰҚК өкілдері күш құрылымдарының бұрынғы өкілдері туралы ақпарат тексеріліп жатқанын мәлімдеді. "Батыс Қазақстан облысының бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерінің террористік ұйымға қатыстылығы жөнінде ақпарат бізге белгілі. Тиісті тексеріс жүргізілуде. Аталған тұлғалардың Сирия аумағында жүргендері айқындалып, шетелге шығу жағдайы анықталуда", - деп хабарлады ҰҚК өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, олардың біреуіне ҚР ҚК 333-1-бабының 2-тармағы және 233-2-бабының 2-тармағы бойынша сырттай айып тағылды. Тергеу жүргізу амалдары жалғасып жатыр. "Қазақстанға қайтып келген жағдайда оларға қолданыстағы заңға сәйкес шаралар қолданылады", - делінген Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарламасында.
Дереккөз: tengrinews.kz