Жанар Доғалованың әнін орындаған қытай әншісі жергілікті ән байқауында бас жүлдеге ие болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видеода қытай әншісі Уаң Нан Фей бір топ бишімен бірге "Қаражорғаны" билейді. Қазақтың әні көмеймен айтылған. Бұдан кейін қытай қызы қазақстандық әнші Жанар Доғалованың әні мен ақын Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған "Ризамын" әнін орындайды. Мәліметтен хабары бар дереккөздің айтуынша, әнші жергілікті "Даңқ аллеясы" тележобасының апталық жеңімпазы атанып отыр. Уаң Нан Фейдің атасы қытай, ал әжесі қазақ екені белгілі болды. Қытайдың кейбір басылымдарына берген сұхбатында әнші бұл байқауға анасының сенімін ақтау үшін шыққанын айтты. Байқауға киіп шыққан киімін оның әжесі қазақ киімінің үлгісінде қолдан тігіп беріпті.
"Бұл көйлек әжемнің ұзатылар кезінде киген қазақ ұлтының ұттық киімі екен. Ал қазір әжем қартайды. Көзі де суалған. Міне, мен қазір бұл көйлектің ұзату тойына ғана киетін көйлек емес, үлкен сахналық киім екеніне де көзім жетіп отыр және әжемнің ұзатылар кездегі көңіл күйін сезініп тұрғандаймын", - деді ол.
"Уаң Нан Фей Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысында туған. Қытайдың ең беделді ән байқауларының бірі - “Шиң гуаң да даудың” ("Даңқ аллеясы") апталық жүлдегері. Ол қазақ биін билеп, қазақ әнін айтуды ұнатады. Бейжіңдегі Ұлттар университетінің студенті", - деп жазады Қамшы.kz порталы.
Әлеуметтік желілерде бұл видеоға қатысты пікір білдірген қолданушылар оның бірінші екі тармағын айта бастағанда даусы Жанар Доғалованың даусынан аумай қалғанын жазып жатыр. Айта кетейік, бұл әнді Баян Есентаеваның продюсерлігіндегі "КешYou" тобы орындайды.
Айта кетейік, "Даңқ аллеясы" - Қытай орталық телеарнасы (ССТV) жасап, таратып отырған бағдарлама. Бұл жоба 2004 жылдан бастап таратылып келеді. Әр жылы жыл жеңімпазы анықталып отырады. Бұл бағдарламаға аты әйгілі бес төреші және халық арасынан таңдап алынған 15 қазы төрелік етеді.
"Даңқ аллеясы" "Халық сахнасы" деген атқа ие болған. Өйткені, бұған жас-кәрі демей, ел арасындағы атағы шықпаған талантты әншінің бәрі қатыса алады екен.
Дереккөз: tengrinews.kz