Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Халықаралық теңіз ұйымының аудитіне өту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.
Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған құжат негізінен теңізшілерді даярлау мен оларға диплом беру және вахтада тұру туралы халықаралық конвенцияның ережелерін іске асыруды көздейді. Бұдан бөлек, заңнамада теңізде жүзу мәселелері бойынша ұлттық нормаларды жетілдіру мен кемелердің теңізде қауіпсіз жүзуін және оларға навигациялық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсаты қарастырылады.
Тоқтала кететін жайт, қазіргі таңда Халықаралық теңіз ұйымы аудитті ерікті түрде жүзеге асырады. Ал 2016 жылдан бастап аудитке міндетті процедура мәртебесі беріледі. Сондықтан аудит үшін Қазақстанның ұлттық теңіз заңнамасын халықаралық конвенциямен сәйкестендіру қажеттігі туындаған.
Бұдан бөлек, құжат аясында Каспий теңізінің қазақстандық секторына навигациялық орталық құру қарастырылады, ал оның негізгі функциясы су кемелерінің қозғалысын үйлестіру мен апаттардың алдын алу болып табылады. Мұндай жергілікті жүйе Маңғыстау облысында, ал осыған ұқсас жүйе Атырау облысының Құрық ауылында құрылған. Сонымен қатар теңіз көлігі саласындағы қазақстандық оқу орындарының дипломдарын халықаралық деңгейде тануды қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында халықаралық талаптарға және стандарттарға сәйкес теңіз көлігінің мамандарын даярлау, қайта даярлау жөніндегі, сондай-ақ уәкілетті органның құзыретін нақтылау жөніндегі нормалар көзделген.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Дереккөз: ҚазАқпарат