АҚШ және Еуроодақ елдерімен арада әзірше визасыз тәртіп орнай қоймайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовқа сілтеме жасап.
Бүгін ведомство басшысы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ел азаматтарының виза алу тәртібін жеңілдету жөнінде қандай келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.
"Жақын арада визасыз тәртіпті америкалықтардан немесе еуропалықтардан күте алмаймыз. Біз өз азаматтарымыздың шетелге бару жағдайларын жеңілдету бағытында жұмыс істейміз. Америкамен арада бесжылдық көпреттік визалар туралы өте маңызды келісім бекіттік. Бұл біздің азматтардың Америкаға баруын айтарлықтай жеңілдетеді. Біз Канадамен жұмыс істеп жатырмыз, біздің азаматтарымызға Канада визасын алу үшін Мәскеуге барудың ыңғайсыз екенін білеміз. Канада үкіметіне бұл мәселені шешу жөнінде біздің өте салмақты өтінішіміз жолданды. Біз канадалық серіктестеріміз біздің азаматтарымызға көпреттік негізде виза берудің ұзақмерзімді кезеңі туралы шешім шығарады деп күтеміз", - деді Ыдырысов брифингте.
ҚР СІМ басшысы қазіргі уақытта ведомство Қазақстан азаматтарының Еуропаға баруын жеңілдету мәселесі жөнінде күрделі әрі белсенді келіссөздер процесін жүргізіп жатқанын айтты.
Дереккөз: Tengrinews.kz