Түркия елінің тамыз айында сайланған президенті Реджеп Тайып Ердоған Қазақстанға келуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Түркия елінің Президенті елімізге келеді деп күтіп отырмыз. Ол жаңадан сайланғанын жақсы білесіздер. Түркиямен қарым-қатынасымыз ұзақ мерзімді сипатқа ие. Елдеріміз арасында өзара байланысты жоғары деңгейдегі институттарымыз бар. Жақын арада Қазақстан жұртшылығы досымыз – Түркия елінің президенті Ердоғанның сапарына куә болады», - дейді министр.
Сонымен қатар, министр келесі аптада өзі Анкараға баратынын мәлім етті.
«Түркия саяси және экономикалық бағыттағы біздің жаһандық, аймақтық маңызды әріптесіміз. Түркия – Тәуелсіздік таңымыз жаңа атқанда бізге қолдау көрсеткен бірден-бір мемлекет екенін жақсы білеміз. Түркияның тәжірибесі бізге көп пайдасын тигізді. Біздің Түркиямен бауырлас ел екеніміз, мәдениетіміз бен тарихи бауырластығымыз ерекше рөл ойнайды. Ал, менің Анкараға сапарым осы ынтымақтастықты одан сайын нығайтуға бағытталады. Осы жылғы Түркиядағы Президенттік сайлауға байланысты елдер арасында жоғары деңгейлі сапар болған жоқ. Түркия Президенті елімізге келетінін мәлім еттім, сондықтан, менің сапарым осы жолғы шараларды пысықтауға арналады», - дейді Е.Ыдырысов.
Дереккөз: bnews.kz