Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр" сөзін өз есімімен байланыстырмауды ескертті және "Нұрлы жол" бағдарламасының мәнін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жуырда мен бір хат алдым. Онда не болса, соған "нұр" деген сөзді қосып қоятыны айтылды, соны неге тоқтатпайсыздар, бұл жеке басқа табынуға әкеліп соғады. Мен ешкімге сөздің алдына “нұр” деп қойыңдар деген жоқпын. “Нұр” дегеннің бәрін менің атыммен байланыстырады. Жоқ, олай емес. Мына біздің жаңа экономикалық саясатымыз да “Нұрлы жол” деп аталады. “Нұрлы” деген сәулелі, жарқын, ашық, ақ жол деген сөз. Егер олай болса, "нұр" дегенді қоспайтын болайық", - деді Қазақстан Президенті жалпыұлттық телекөпір барысында.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы өңірлердің кіреберістерінде ілініп тұратын өз портреттерін еңбекпен қамту көрсеткіштері туралы кестелермен алмастыруды талап еткен болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz